Волейболдан Ұлттық құрама әлемдік Гран-при жарысына дайындалуда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Волейболдан Ұлттық құрама әлемдік Гран-при жарысына дайындалуда

30.07.2014
Волейболдан Ұлттық құрама әлемдік Гран-при жарысына дайындалуда

Волейболдан Ұлттық құрама қыздары Чехияның Брно қаласына келіп жетті. Ол жерде тамыз айының 1-3 аралығында Әлемдік Гран-при жарысының екінші кезеңі өтпек.

Екінші кезең - қазақстандық волейболшылар үшін  Гран-при жарысының  финалына суырылып шығуға соңғы мүмкіндік. Сондықтан, жауапты сынға дайындық қыза түсті.

Биыл оқу-жаттығу жиындары барысында жарақат алған Ұлттық құрама үздігі Инна Матвеева қайта спорттық бабына еніп, алдағы ойындарда барын салмақ.

Инна Матвеева, волейболдан Ұлттық құрама мүшесі:

Алғашқы жаттығу лайықты деңгейде өтті. Волейбол алаңын сағынып қалыппын. Біз үшін бұл сайыс маңызды. Сондықтан аянып қалмай, команданы жеңіске жетелеуге тырысамыз.

Алматы қаласында өткен кезеңде Хорватия мен Чехия ойыншыларына 3:1 есебімен есе жіберіп, Австралия командасынан 3:0 есебімен басым түскен жерлестеріміз әзірге үшінші топта 6-шы орында келеді.

Аруларымыздың еншісінде 3 ұпай. 9 ұпайға қол жеткізген Чехия командасы жеке-дара топ бастап келеді. Ал, үздік үштікті Болгария мен Кения елінің өкілдері түйіндеуде.

Индира Бектенова, тілші:

Чехия жерінде Әлемдік Гран-при бәсекесі аясында Қазақстан  құрамасының алғашқы қарсыласы Мексика командасы болмақ. Екі ұжым бұған дейін кездеспеген. Бірақ, Александр Гутор шәкірттерінің тыңғылықты дайындығы  нәтижесін береді, деп сенеміз. Бұл кездесуді көрермен қауым «KAZsport» телеарнасынан тамыз айының 1-ші жұлдызында сағат 20:00-де тікелей эфирде көре алады. Сондай-ақ, сол күні Чехия мен Алжир арасындағы матч көрсетіледі. 

Индира БЕКТЕНОВА

Хабарламаларға жазылу