Қазақ күресінен республикалық турнир өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ күресінен республикалық турнир өтті

08.07.2014
Қазақ күресінен республикалық турнир өтті

Солтүстік Қазақстан облысындағы Уәлиханов ауданында  белгілі палуан,  Кеңес кезінде 7 дүркін чемпион атанған Ахметжан Қазымбетовті еске алуға арналған республикалық турнир өтті. 60 палуан боз кілемде кездесіп, өзара мықтыны анықтады.

Жарысқа еліміздің 9 облысының спортшылары қатысты. Солардың ішінде «Қазақстан Барысы» турнирінде оза шауып жүрген палуандар да бар.

Ұйымдастыру алқасы бұл жарысты өткізуге барынша дайындық жүргізген.  Абсолюттік салмақта бақ сынаған палуандардың арасында бас жүлде - автокөлікті шығысқазақстандық Айбек Нұғымаров еншіледі.

Ал, қызылордалық Айбек Серікбай екінші орынды місе тұтса, үшінші орын павлодарлық палуан Дархан Жоламановқа бұйырды.

Марат Жақит, қазақ күресінен мемлекеттік жаттықтырушы:

Аудан азаматтары осы кісіні еске алып турнир өткізейік, деп бізге хат жазған. Енді соны өткізіп жатырмыз. Турнирге палуандар Қазақстанның 9 облысы мен Солтүстік Қазақстанның барлық аудандарынан келіп қатысып жатыр.   

Аман Төрегелдин, Уәлиханов ауданының әкімі:

Ахметжан Қазымбетов - Кеңес одағы кезінде аудан ғана емес, еліміздің спортын көтеруге атсалысқан азамат. Өзі де талай жарыстарда топ жарды, қаншама талантты шәкіртті баптап шығарды. Бүгін біздің ауданда үлкен той, өзіміздің жерлесімізді ұлықтап жатырмыз. Бұл жас жеткіншектерді спортпен шұғылданып, дұрыс жолды таңдауына аз да  болса сеп болады, деп ойлаймын. 

Сағындық СӘБИТҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу