Әлем чемпионатының қызған шағы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем чемпионатының қызған шағы

04.07.2014
Әлем чемпионатының қызған шағы

Әлем чемпионаты күн санап жаңа чемпионның есімін анықтауға жақындап келеді. Бүгін Франция мен Германия құрамалары кездеспек. Ширек финалдық кездесулердің де кезегі жетті. Бұл кезеңнің ойындары Франция-Германия кездесуімен басталмақ.

Дидье Дешам, Франция құрамасының бас бапкері:

Команданың басты мақсаты - Әлем чемпионы атану. Сондықтан да, біз қарсыластың атақ-даңқына қарамай, жеңіске жетуге тырысамыз. Германияның тәртіпті ойынын бұзып-жару оңай болмайды. Дегенмен, олардың соңғы ойыны мені аса қатты таңғалдырмады.

Франция құрамасының сапында жарақат алған ойыншылар жоқ. Команданың жас дарыны Поль Погба ортадағы ойынымен неміс қорғанысын бұзып-жара алатын жағдайда. Ал команда шабуылшысы Карим Бензема гол соғып, үздік бомбардирлер қатарына қосылуды ойлайды. Франция шабуылшысының еншісінде осы қазір 3 гол бар.

Уго Льорис, Франция құрама командасының қақпашысы:

Өткен матчта Алжир құрамасы немістерді әбден састырды. Олар қорғанысты мықтап ұстады. Ендеше, неге бізге де сол әдісті пайдаланбасқа. Бірақ, әрине тактиканы бас бапкер шешкендіктен, мен қазір ештеңе де айта алмаймын. Барлығын ойын кезінде көресіздер.

Ал,  Германия құрама командасында жаттығуға барлық ойыншылар тегіс шықты. Бундес команданың ойыншыларының қатарында тек Томас Мюллердің ғана кішігірім жарақаты бар.

Әлем чемпионатында енді бір доп соқса 16 голменен рекордты жаңартатын Мирослав Клозені де есептен шығармаймыз. 4 Әлем чемпионатында гол соққан шабуылшы бразилиялық Роналдоның көрсеткішін өзінің соңғы чемпионатында жаңартып кетуді көздеп отыр.

Тони Кросс, Германия құрама командасының жартылай қорғаушысы:

Франция құрамасында ортадағы ойыншылар мықты. Сондықтан да, менің жеке басым үшін ертеңгі ойын өте ауыр болмақ. Команданың ортадағы ойыны жақсы жүрсе, шабуылы да тамаша жүреді. Егер бапкер мені алаңға шығарар болса, бар күшімді беруге тырысамын.

Ермұхамед Мәулен, тілші:

Қорғанысы мығым Франция құрама командасы «неміс мәшинесінің» адуынын тоқтата ала ма? Бұл сұрақтың жауабын Астана уақытымен бүгін 22.00-де болатын матчтан біле аласыздар. Ал қос құраманың бапкерлері тағы бір матчты осы стадионда өткізгілері келетінін айтады. Өздеріңіз білетіндей, «Маракана» стадионы қабылдайтын келесі матч – Әлем чемпионатының финалы болмақ.  

Ермұхамед МӘУЛЕН

Хабарламаларға жазылу