Оңтүстік Қазақстан облысында жаппай көкпардан халықаралық турнир мәресіне жетті. Жарысқа 600 шабандоз қатысты. 2 минутқа жеткізбей қалың доданы қақ жарып, алғашқы салымды қанжығасына байлаған Бағлан Шырынбаев айрықша ойынымен көзге түсті.
Бұдан кейін Жамбылдан келген көкпаршы Нұрдәулет Момынов тізгінді қолға алды. Қазақстаннның жеті дүркін чемпионы, 60 келі тартатын серкені тақымға басты.
Мұндай әдіс кез-келген көкпарда қайталана бермейді. Сол себепті, төрешілер «Әулиеата» командасының мүшесіне жоғары бағасын берді. Талай бәсекелерде топ жарып, намысты қолдан бермей жүрген Темірхан Айтбаев бұл жолы да мықты екендігін байқатты.
Нұрлан Ешімханов, ұйымдастыру алқасының мүшесі:
Мұндай спорт қазақтан басқа ешқандай елде жоқ. Нағыз батырларды бүгінгі жарыста көріп жатырмыз.
Индира БЕКТЕНОВА