Олимпиада ойындарында хоккейден плей-офф кезеңі басталды. Норвегия құрамасымен кездескен Ресей 4:0 есебімен жеңіске жетті.
Шорт-тректен әйелдер 1000 метр, ал ерлер 500 метр қашықтықта іріктеу бәсекелерін өткізді. Әйелдер арасында бақ сынаған жалғыз жерлесіміз Инна Симонова келесі кезеңге өте алмай қалды.
Ал ерлер арасында екі жерлесіміз сайысқа түсті. Олимпиада чемпионы атанып үлгерген Виктор Ан қатысқан жарыста Айдар Бекжанов ширек финалға шыға алмады. Нұрберген Жұмағазиев та тек төртінші болып келді.
Қыздар арасындағы шорт-тректен 3000 метрдегі командалық жарыста Оңтүстік Корея елі «алтынға» ие болды. Ал олардан 1 секундқа қалып қойған Канада екінші орын алды. Италия спортшылары қола медальға қол жеткізді.
Кейінге шегерілген ерлер арасындағы 15 шақырымдық масс-старт додасын норвегиялық Эмиль Хегле Свендсен ұтты. Ал Сочи Олимпиадасының екі дүркін чемпионы франциялық Мартен Фуркад екінші, чехиялық Ондржей Моравец үшінші келді.