Ақтаулық жас хоккейшілер мұзайдынға мұқтаж. Облыс орталығында кәсіби спорт аренасы жоққа тән. Спортқа бейім балалардың ата-аналары осыны айтып, қақпаған есігі қалмаған. Дегенмен мәселенің жуық арада шешілетін түрі жоқ.
Жазира Әбіл, тілші:
Ақтаудағы жалғыз мұзайдыны - осы. Оның өзі сауда орталығының ішінде орналасқан. Көпшілікке арналған орынның ұзындығы-30, ал ені-20 метр. Жергілікті халық үшін қысқы спорт түрлері әзірге құны қымбат балалар үйірмесімен ғана бағаланады.
Мына балалардың осында жаттыққанына 3 жыл. Жас та болса олардың көздерінде от, жүрегінде жалын бар. Қимылдары да ширақ. Содан болар 40 шақты спортшы ірі қалалардағы жарыстардан қалмай, жүлдемен оралып жүр.
Азамат Тармағанбетов, үйірмеге қатысушы:
Алматы, Атырауға бардық. Оларда үлкен мұзайдыны бар екен. Бізге де сондай мұзайдыны керек. Біз чемпион болғымыз келеді.
Хоккей үйірмесіне беруге кез келген ата-ананың қалтасы көтермейді. Сағатына 3 мың теңге, балалар аптасына үш рет жаттығады.
Сәния Сағынбаева, қала тұрғыны:
Хоккей ойнау - шығынды көп талап ететін спорт түрі. Киімдерінің өзі мың доллардың айналасында тұрады.
Никита Смирнов, жаттықтырушы:
Ашық аспан астында жаттығуға климаттық жағдай мүмкіндік бермейді. Мұнда адамдар дүкен аралап жүреді, ал біз хоккей ойнаймыз. Сырттан қарағанда ерсі. Талай рет шайба сауда сөрелерін сындырып кетті. Жағдай қиын. Талантты ойыншылар көп. Кәсіби мұзайдыны қажет-ақ.
Елбасы Жолдауында спортты дамыту, денсаулықты нығайту жөнінде айтылды. Осыны басшылыққа алған спорт басқармасы мамандары мәселе жыл аяғына дейін шешіледі деп сендіреді.
Рушания Елизарова, Спорт және дене тәрбиесі басқармасы басшысының орынбасары:
Қазір 50 миллион теңге спорт кешенінің жобалық-сметалық құжаттарына бөлінді. Онда үш спорт залы, бассейн, мұзайдыны болады. Балалар үйірмелері тегін болады. Құрылысы жыл аяғында басталады деп жоспарланған.
Жылдың енді басталғанын ескерсек, хоккейшілердің әлі де үйреншікті әдетпен жүруіне тура келеді. Десек те, Басқұдық ауылы маңынан салынуы тиіс спорт кешенін олар тағатсыздана күтеді.
Енді уәде шындыққа айналуын асыға күтіп жүр. Ата-аналар күшімен құрылған жас хоккейшілер қауымдастығы да бұл мәселені назардан тыс қалдырмақ емес.
Жазира ӘБІЛ