Сочи Олимпиадасында шорт-тректен чемпион анықталды. Ерлер арасындағы бәсекеде канадалық Шарль Амлен алтын медальді омырауына тақты. 500 метрлік қашықтықты 2 минут, 14 секундта жүгіріп өтті. Күміс медальді Хань Тяньюй қанжығасына байлады. Айта кету керек, қытайлық спортшы небәрі 16 жаста. Үшінші ресейлік Виктор Ан иеленді. Сочи Олимпиадасында қазақстандықтар Айдар Бекжанов пен Денис Никиша 1500 метр қашықтықта жартылай финалға шыға алмады. Әйелдер арасында 500 метр қашықтықта ел намысын қорғаған Инна Симонова да іріктеуден өте алмады.
Айдар Бекжанов, шорт-трекші:
Тәжірибе аздық етті. Қарсыластарымның деңгейі жоғары. Сол себепті қателікке бой алдырдым. 500 метрлік қашықтықтағы сайыста бар күшімді саламын.
Шаңғымен тұғырдан секіру сайысында Польша елінің өкілі Камил Стох алтын алқа тақты. 26 жастағы спортшы бастапқы сәттен үздік өнерімен көзге түсті. Бірінші мүмкіндігінде-ақ жоғары ұпайға қол жеткізді. Жартылай финалға дейін 142 ұпай жинап үлгерді. Ал шешуші сайыста барлығы 270 ұпайды еншіледі. Словениялық Петер Првец екінші орынды иеленді. Қола жүлдені қоржынға салған норвегиялық Андрес Бардаль. Қазақстандықтар Алексей Пчелинцев пен Марат Жапаров тәуір нәтиже көрсете алмады. Алексей 46-шы, ал Марат 49-шы орынды місе тұтты. Сөйтіп жерлестеріміз жарысты аяқтауға мәжбүр болды.
Биатлоншылар алғаш болып 7,5 қашықтықта Олимпиаданың алғашқы «алтынын» сарапқа салды. Қазақ елі төрт қызымызға үміт артқан. Алдымен жарыс жолына Галина Вишневская шықты. Алғашқы нысанада қате жіберген ол, сол қателіктің орнын толтырамын деп бар уақытын жоғалтып алды. Жарысты 64-ші болып аяқтады. Ванкувер Олимпиадасының күміс жүлдегері Елена Хрусталева нысана көздеуде екі рет мүлт кетті. Ол 57-ші орыннан көрінді. Дарья Усанова мен Марина Лебедева да жоғары нәтиже көрсете алмады.
Галина Вишневская, биатлоншы:
Жарыс жолы өте қиын. Шаңғы жақсы майланғанымен, алғашқы нысанда мүлт кеттім. Содан кейін өзіме-өзім келе алмадым. Алдағы сындарда барымды саламын.
Елена Хрусталева, биатлоншы:
Не болғанын өзімде түсінбей қалдым. Дайындығым жақсы болды. Шаңғының табаны да керемет майланған. Тіпті кей жерлерде сырғанап, қарсыластарымды басып оздым. Тұрып атудан қауіптенгенмін, бірақ жатып атуда екі мәрте мүлт кеттім. Үздік отыздыққа енемін деген ойым жүзеге аспай қалды.
Алексей Полторанин бастапқыда скиатлон жарысына қатысады деп жоспарланбаған болатын. тек жарысқа бірнеше уақыт қалғанда жаттықтырушылар құрамы шешімді өзгерткен. Анығын айтқанда, бапкерлердің жоспары бойынша Алексей Полторанин бұл сында жеңіп шығуы керек болған. Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орыннан көрінеді деген қазақстандық шаңғышы 16-шы орынға тұрақтады. Өз нәтижесіне көңілі толмаған Алексей Полторанин сұхбат беруден бас тартты.
Алексей Наконечный, Алексей Полтораниннің жаттықтырушысы:
Скиатлон сайысы Алексей Полторанинге көп көмек береді деп ойлаймын. 15 шақырымды классикалық, 15 шақырымды еркін жүріп өтті. Алдағы уақытта қиындық болмай үштікке ілінеміз деп ойлаймын.
Ольга Полторанина, Алексей Полтораниннің анасы:
Әрине, өте өкінішті. Бірақ, мұнымен біз көңілімізді төмен түсірмейміз. Алда жеңіс тұғырынан көрінетініне сенеміз. Талантты спортшы екенін барлығы жақсы біледі. Тек қолдауымыз керек.