Головкин жекпе-жегі кезінде ринг EXPO-2017 көрмесі туралы ақпаратпен өрнектелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Головкин жекпе-жегі кезінде ринг EXPO-2017 көрмесі туралы ақпаратпен өрнектелді

02.02.2014
Головкин жекпе-жегі кезінде ринг EXPO-2017 көрмесі туралы ақпаратпен өрнектелді

Бүгін түнде Геннадий Головкин Монакода болған кезекті жекпе-жегінде Гана елінің былғары қолғап шебері Осуману Адаманы айқын басымдылықпен жеңіп, орта салмақта WBA нұсқасы бойынша оныншы рет және IBO нұсқасы бойынша жетінші рет әлем чемпионы атағын қорғап қалды.
 
 Айта кету керек, Монакодағы қос арлан қолғап түйістірген шаршы алаң мен ринг арқандары EXPO 2017 халықаралық көрмесінен хабардар ететін жазулармен өрнектелді.
 
 Әлемнің 100-ден астам елінде тікелей эфирден көрсетілген жекпе-жектің миллиондаған жанкүйерлері осы көрініс арқылы Қазақ елін тағы бір қырынан таныды.
 
 2017 жылы EXPO 2017 халықаралық көрмесінің Қазақстанда өтетінін әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдардың бірі білсе, бірі әлі де болса, хабардар бола қойған жоқ.
 
 Осы орайда жарнаманы да ұтымды пайдалана білген ұйымдастырушылардың еңбегін әлемдік сарапшылар жоғары бағалап отыр.
 
 Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылғы 10 маусымда Париждегі Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Винсенте Гонсалес Лоссерталеске Қазақстан Республикасының ресми өтінімі тапсырылды. Сол сәттен бастап біздің республикамыз Астанада ЕХРО-2017  көрмесін өткізу жөніндегі сайлау науқанына ресми тұрғыда кірісті.
 
 2012 жылғы 22 қарашада ХКБ-ге мүше 161 елдің өкілдерінің жасырын дауыс беру барысында Астана EXPO-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетін орын болып таңдалды. Астананың өтінімін 103 ел қолдады. ЕХРО-2017 ТМД елдерінде өтетін алғашқы көрме болмақ.
 
 Астанадағы бүкіләлемдік көрме 3 айға дейін жалғасатын болады. Оған әлемнің 100-ге жуық елі және 10 халықаралық ұйым қатыса алады. Көрмеге 5 миллионнан астам адам қатысады деп күтіліп отыр.

Хабарламаларға жазылу