Олимпиада ойындарынан кімдер тыс қалды? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Олимпиада ойындарынан кімдер тыс қалды?

01.02.2014

Сочи Олимпиадасына баратын спортшылардың тізімдері жарияланды. Төрт жылда бір рет өтетін дүбірлі бәсекеде ел намысын 52 спортшы қорғайды. Ал Олимпиада ойындарына кімдердің жолы түспеді?
 
Евгений Левкин – шаңғымен тұғырдан секіруші.  Болашағынан үлкен үміт күттірген спортшы 2012 жылдың қарашасында жол-көлік апатына түсті. 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионына бірнеше операция жасалып, ұзақ уақыт бойы ауруханада жатты. Қазір Левкиннің денсаулығы жақсарып келеді, алайда үлкен спортқа қайта оралу жөнінде сөз қозғалмады.
 
Шайбалы хоккейден ерлер құрамасы қатарынан екінші рет Олимпиадаға қатыспайды. Ригада өткен іріктеу турнирде Қазақстан құрамасы екінші орынға ие болды. Біздің хоккейшілердің жолын латыш құрамасы кесті. Шешуші сәтте олар Владимир Крикунов шәкірттерін 3:2 есебімен жеңді.
 
Александр Червяков – биатлоншы. Көптеген жылдар бойы ұлттық құраманың көшбасшысы саналған, Азия ойындарының төрт дүркін чемпионы Олимпиада маусымының алдында үлкен спортпен қоштасты.  Дегенмен ол Сочиде ұлттық құраманың қызмет көрсету тобында жұмыс істейді.
 
Людмила Федотова – тау шаңғышысы. 2011 жылғы Азия ойындарының чемпионы декреттік демалысқа шықты. Әзірге ол жарысқа қатыспайды. Дегенмен жастарды жаттықтырып жүр.
 
 Олимпиадаға қатысушылардың алдын ала тізімінде төрт бірдй шанамен сырғанаушылар болған еді. Бірақ ешқайсысы Сочиге бармайды. Ресейде туып-өскен Артур Байбачинов, Сергей Коржнев, Юрий Веселов және Иван Макивчук іріктеу сынынан өтуге ұпай жинай алмаған. 1980 жылғы Олимпиада чемпионы Вера Зозуляның кеңесі де шана спорты бойынша ерлер құрамасының тұңғыш рет дүбірлі додада бақ сынауына көмектеспеді, деп жазады «Караван».

Хабарламаларға жазылу