Сочида өтетін Ақ Олимпиада жалауының желбіреуіне 27 күн қалды. Қазір дайындықтың нағыз қызған шағы. Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасы соңғы бақылау жарысын Астанадағы Алау мұз айдынында өткізіп, бас бапкер Вадим Саютин конькишілердің бабын байқап көрді.
Конькимен жүгіру спортынан Қазақстан құрамасының еншісінде Олимпиадаға қатысуға мүмкіндік беретін 12 жолдама бар. Яғни олимпиадалық нормативті орындаған 6 спортшымыз Денис Кузин, Дмитрий Бабенко, Александр Жигин, Федор Мезенцев, Роман Креч және Екатерина Айдова бірнеше қашықтықта бағын сынайтын болады. Мысалы Екатерина Айдованың өзі Ванкувер Олимпиадасындағыдай 500, 1000 және 1500 метр қашықтықта жарыс жолына шығуды жоспарлап отыр.
Екатерина Айдова, конькимен жүгіру спортынан ұлттық құраманың мүшесі:
Спортшыларға қуат беріп, оларды жеңіске жетелейтін құдіретті күш ол, әрине - жанкүйерлер. Лондонда өткен жазғы ойындарда өзім де жанкүйерлер қатарында болғам. Көк туды көргенде бойымда ерекше рух пайда болып, толқыдым. Сол кездегі қазақстандықтардың қолдауын біз де Сочиде сезініп, ел абыройын асқақтатамыз деп сенемін.
Индира Бектенова, тілші:
4 жылда бір рет өтетін Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларда бүгінде не ішемін, не жеймін, не киемін деген уайым жоқ. Мемлекет олардың жоғары деңгейде дайындалуына барлық жағдайды жасауда. Саңлақтар жоспардағы барлық оқу-жаттығу жиындарына қатысып жатыр.
Олимпиадашылардың дайындығы арнайы құрылған жедел штабтың назарында. Ұлттық құраманың шеберлігін шыңдау үшін, Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі 17 шетелдік маманмен келісімшартқа отырған.
Тастанбек Есентаев, Қазақстан Республикасы Cпорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы:
Медицина жағынан әрбір спортшыны ай сайын тексеріп, оның жан-жақты қандай деңгейде екенін бәрін қарап, байқап, бақылап оытарымз. Оған да өздерінің кеңестерін беріп отырған біздің өзіміздің мамандарымыз. Сондай жұмыстар атқарылып жатыр.
Агенттік төрағасының айтуынша Сочидегі нәтиже Ванкувер Олимпиадасындағы жетістіктен әлдеқайда жақсы болуы тиіс. Мақсат – қоржынды медальға толтырып қана қоймай, еліміздің жетістіктерін бүкіл әлемге паш ету.
Тастанбек Есентаев, Қазақстан Республикасы Cпорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы:
Олимпиаданы пайдаланып, елімізді таныстыру керек. 2017 жылға EXPO-2017, сонан кейін барып, Алматыда өтетін Алматы-22 деген, өткіземіз деп отырған халықаралық жарыстарда көрсетеміз деген жоспарларымыз бар.
Іріктеу жарысына қатысқан 104 спортшының 43-і Сочиде өнер көрсететін болды. Бірақ тізім әлі күнге дейін нақтыланған жоқ. Өйткені лицензиялық жарыстар қаңтар айының 19-шы жұлдызында өз мәресіне жетеді. Сондықтан жолдамаға қол жеткізе алмаған спортшылардың әлі де құрамаға іліну мүмкіндігі бар.
Индира БЕКТЕНОВА