Стамбулда Әл-Фараби үйі ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Стамбулда Әл-Фараби үйі ашылды

05.08.2019

Бұл - адамзат үшін маңызды жаңалық. Өйткені Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған әл-Фарабиді Жер шарының ғалымдары жаратылыстану және қоғамдық ғылымдарды қатар меңгерген қайталанбас дара тұлға санайды. Сондықтан оның еңбектері - әлем жұрты үшін әлі де сыры ашылмаған құнды дүние. Тіршіліктің тамырын тап басқан ғалымның еңбектерін ұлықтауға бағытталған бұл кешеннің маңызы қандай? Шарапатты шараға қатысып келген тілшіміз Нұрлан Асқарұлы әңгімелейді.

Әл-Фараби үйінің ашылу салтанатына әлемнің әрқиырындағы қандастарымыз келді. Сондай-ақ, Түркияның белді саясаткерлері, қоғам қайраткерлері мен дипломаттар қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асқан жобаны әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен Стамбул қалалық әкімдігімен бірлесе отырып жүзеге асырған. Істі ілгерілетуге Түркі Кеңесі, ТҮРКСОЙ және Түркиядағы Қазақстан Республикасының елшілігі қолдау көрсеткен.

Ғалымқайыр Мұтанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры:

Стамбулда Фараби үйінің ашылуы - Қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің үлкен бір тарихында орын алатын оқиға. Өйткені Фарабиді біз әлемге таныстыру арқылы өзіміздің ұлытымызды, жалпы түркі әлемін, оның руханиятын әлемге таныстырамыз.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

Әл-Фараби үйінің төргі бөлмесіндегі бұл композиция «Ұстаз бен шәкірт» деп аталады. Жалпы, қазір адамның бейнесін балауыздан жасау - мүсін өнеріндегі соңғы жетістік. Себебі қарасаңыз, міне, адамның қолы секілді. Сондықтан бұл жерге келген адам әл-Фарабидің тірі бейнесін көргендей күйге түседі.

Шенгүл Арслан, Стамбул муниципалитеті бас хатшысының орынбасары:

Әл-Фараби, тек Шығыс әлемі үшін ғана емес, Батыс елдері үшін де айтулы тұлға. Ол - берісі түркі дүниесі, арысы барша адамзатқа ортақ мақтаныш. Ғұламаның мұрасын зерттеу, насихаттау, оларды болашақ ұрпаққа жеткізу - біздің борышымыз.

Түркі әлемі этнографиялық мұражайы кешенінде бой көтерген орталық Азия мен Еуропаның түйіскен жерінде орналасқан Стамбулға табан тіреген азаматтар үшін киелі орынға айналмақ. Себебі ғұламаның мұрасы өмір сүрудің барлық бағыттарын қамтиды. Ал оның ғылыми еңбектерін зерделеген кез келген адам тіршіліктегі өзіне тиесілі еншісін оңай табады. Сондықтан екінші ұстаздың үйіне келген жандар оның мол мұрасына қанығып, ғұламаның еңбектерін қайдан табуға болатыны туралы жан-жақты ақпарат алады.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу