Көкшетауда ең ұзын құрақ көрпе тігілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетауда ең ұзын құрақ көрпе тігілді

16.07.2019

11 шақырымнан асатын алып құрақ көрпе. Көкшетауда әлемдегі ең ұзын көрпе тігілді. Өңірдің қолөнер шеберлері қала күніне орай осындай ерекше тарту жасады. Биыл Ақмола облысы орталығының құрылғанына - 195 жыл. Кербез сұлу қала Көкшетау күніне арналған сан түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

«Құрақ көрпе Fest». Осындай атаумен бірнеше апта бұрын фестиваль өтті. Өңірдегі түрлі ұйымдар көрпе тігуге атсалысты. Дәл қала күнінде құрақ көрпені жалғап, біріктірді. Жалпы ұзындығы 11 шақырымнан асты. Енді Гиннестің рекордтар кітабына өтініш жолданбақ.

Зере Қиықова, облыстық Аналар кеңесінің төрайымы:

Керемет, тамаша шаралар өтіп жатыр. Соның ішінде құрақ көрпе фестивалі.

Шаһардың туған күнінде 195 отбасы қоныс тойын тойлады. Баспаналы болғандардың қатарында көпбалалы жанұялар басым. Жылдап кезекте тұрғандар да бар. Соңғы жылдары қалада құрылыс қарқынды. «Сарыарқа» атты жаңа шағын аудан бой көтерді.

Гауһар Шаймерденова, қала тұрғыны:

Бүгін өте қуаныштымын. Бүгін пәтер алып жатырмын. 5 баланың анасымын. Рахмет. Осындай қуанышты күні пәтер иесі болып жатырмыз. Көкшетаулықтарды 195 жылдық мереке тойымен құттықтаймын.

Салтанатты жиында Көкшенің гүлденуіне үлес қосып жүрген сан саланың өкілдері марапатталды. Ардақты аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды.

Қала күнінде 280 орындық балабақша жұмысын бастады. Жаңа өндіріс орындары да ашылды. Көпшілік үшін ұлттық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, меркелік концерт өтті.

Ермек ЕЛБЕРГЕН

Хабарламаларға жазылу