Көкшетауда домбыраға арналған 11 метрлік монумент бой көтерді. Бұл - еліміздегі домбыраға қойылған ескерткіштің ең үлкені. Композицияның авторы - көкшетаулық белгілі мүсінші Манарбек Бұрмағанов. Автор ескерткішті Көкшетау қаласының 195 жылдығына тарту еткен.
Ескерткіштің қаңқасы металдан жасалып, бетонмен қапталған. Ерекше сәулет туындысы Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының жанынан орын тепті. «Көкшенің көгін ән мен күйге бөлеген Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ сынды дарабоздар туған өлкеде қазақтың қара домбырасына арнап ескерткіш орнату - ұлағатты іс»,- дейді көпшілік.
Манарбек Бұрмағанов, мүсінші:
Домбыраның мағынасы — батыр жігіт домбыра тартып, күй тартып, облысымыздың атақты ақындарының, солардың ән-күйлерін бүкіл елге танытып, ойнап жатқан сәтінде. Ол жігіт - үлкен домбыраның шегі. Үлкен домбыра батыр жігіттің әлемі, аспаны, нұрлы деп айтуға болады. Үстінде күні, бүркіті бар, Тәуелсіз Қазақстанның символы.
Ермек ЕЛБЕРГЕН