Сыр елі Ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр елі Ұлттық домбыра күнін ерекше атап өтті

08.07.2019

Еліміз үшін айшықты мереке — Елорда мен Ұлттық домбыра күні Сыр төрінде де сән-салтанатымен тойланды. Шаһарда түрлі мәдени-рухани шаралар ұйымдастырылып, думанды кеш гала-концертпен қорытындыланды.

 

«Жыршымын деп Сырға барма» деген аталы сөз бар. Аты Алты Алашқа мәшһүр шайырлар мен сүлейлер шыққан киелі өңірде қашанда ұлттық өнердің шоқтығы биік. Айтулы мерекеде «Ғасырлар пернесі» атты облыстық домбырашылар байқауы ұйымдастырылды. Бабалар мұрасын жалғап келе жатқан жас өнерпаздар жиналған қауымды төл өнермен сусындатып, көпшілікке рухани ләззат сыйлады.

 

Әлімжан Әбсадықов,  қазылар алқасының төрағасы:

 

Байқаудың бағдарламасы бойынша біздің Сыр бойының күйшілері Шал мырза, Әлшекей, Құрақтының Досжаны күйшілердің күйлері қамтылған. Өте қуаныштымыз, аудандағы өнерпаздарымыз осы конкурсқа атсалысып жатқанына.

 

Мерекелік шара мұнан соң қалалық демалыс паркінде «Елорда жастар жүрегінде» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Аймақтың мәдени өміріне өзіндік үлес қосып жүрген үздік ауыл клубтары анықталып, марапатталды. Кеш барысында Сырдың белгілі өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашып, думанды шараның көрігін қыздырды.

 

Мира Қазбекова, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары:

 

Іс-шарамыздың негізгі мақсаты Елбасының төл туындысы Сарыарқаның төсіндегі Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының туған күніне арналған патриоттық әндердің кеші болды. Сонымен бірге, «Ұлт мұрасы домбыра» деп айтамыз. Осы қаладағы жасөспірім домбырашыларды, домбыра сүйер қауымды жинап бірқатар күйлерден попури ойнаттық.

 

Сондай-ақ, қала тұрғындары шара барысында Елорда күніне арналған кітап және фотокөрмені тамашалап, арқа төсіндегі мерекелік көңіл-күйдің лебін сезінді. 

 

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ

 

 

 

Хабарламаларға жазылу