Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Ақтөбеде! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлері Ақтөбеде!

04.07.2019

Димаштың фанаттары Ақтөбеде! Астана қаласында өткен концерттен кейін жанкүйерлер әншінің туған жерін көруге арнайы келіп жатыр. Олардың арасында Димаштың өнері арқылы қазақ тіліне ғашық болып, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келген АҚШ азаматы да бар. Қонақтарды, әсіресе, Димаш оқыған мектеп пен музыка колледжі ерекше қызықтырған.

 

Ақтөбедегі нөмірі 32-нші мектеп-гимназияны көпшілік Димаш оқыған білім ордасы ретінде жақсы біледі. Білім мекемесінің ұжымы «талантты түлегіміздің арқасында біз де ел назарындамыз», - деп әзілдейді.

 

Клара Қажығайдарова, Димаштың бастауыш сыныптағы ұстазы:

 

Ән байқауына қатысып келгенде арнайы келді. Сондай оның сағынғаны соншалық, мені көтеріп алып, үш рет айналды. «Апай,сізді қатты сағындым» деп. Қай жерде жүрсе де хабарласады, кешегі Астанадағы концертінің алдында да «Апай, сізді сағындым, кездескенше» деген сообщение жіберіп, хабарласып тұрады.

 

Жақсыбек Кемал, тілші:

 

Мектеп муйзейінде Димаштың арнайы бұрышы бар. Бұл жерде әншінің жеткен жетістіктерінен хабардар бола аласыз. Яғни, алғыс хаттар мен дипломдар қойылған. Ал оның бастауышта қандай оқушы болғанын мына сынып журналынан байқауға болады.

 

Димаштың туған жерімен танысуға келген жанкүйерлері алдымен осы мектепке бас сұғады. Олар үшін, тіпті, сүйікті әншілерінің ұстазымен жақын танысудың өзі үлкен мәртебе.  Білім ордасының ұжымы шетелдік қонақтарға Димаштың қандай оқушы болғанын, өнерге деген құштарлығы қалай оянғанын әңгімелеп берді.

 

Ясмин Абу Ханифа, Димаштың жанкүйері (Малайзия):

 

Бір жыл бұрын Димаштың әнін ғаламтордан тыңдадым. Ол феномен. Біз отабсымызбен қалайда Қазақстанға баруымыз керек деп шештік. Себебі, біз мұнда келмесек, өміріміз босқа өтті деп санайтын едік.

 

АҚШ азаматы Анна Кахл Димаштың Мәскеудегі концертінде болып, қазақ тіліне деген ерекше қызығушылығы оянған. Өнерге және тілге деген құрметтің арқасында ол Қазақстанға қоныс аударды. Қазір Астанада оқушыларға ағылшын тілінен сабақ береді. Өзі қазақ тілін үйреніп жүр.

 

Анна Кахл, Димаштың жанкүйері (АҚШ):

 

2 жыл бұрын оның әндерін алғаш рет естідім. Димаштың даусы еріксіз баурап алды. Қалайда қазақ тілін үйренуім керек деп шештім. Мені Қазақстанға өнерге деген, қазақ тіліне деген сүйіспеншілік алып келді.

 

Әлемнің оннан аса елінен келген жанкүйерлер Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжіне де арнайы ат басын бұрды. Меймандарды Димаштың ізбасарлары өз өнерлерімен тәнті етті. Шетелдіктерді сүйікті әншілері мен оның ұстазының арасындағы байланыс та ерекше қызықтырады екен.

 

Марат Әйтімов, Димаштың ұстазы:

 

Музыкадан басқа ортақ тақырып – басындағы болып жатқан нәрселерді айтады. Шығарып айтады, өзім сұрамаймын. Саясат жайында айтпаймыз біз. Жалпы өзіміздің ұлт жайында айтамыз.

 

Туризм саласы мамандарының айтуынша, өңірге келетін саяхатшылардың саны соңғы жылдары 50 пайызға артқан. Әрине, оған Димаш тікелей әсер етіп отыр.  Тек соңғы бір-екі аптаның өзінде 300-ден аса шет елдік әншінің туған жерін көру үшін арнайы келген.

 

Жақсыбек КЕМАЛ

 

 

Хабарламаларға жазылу