Таразда мереке қарсаңында «Жеңіс» саябағынан «Данқ» залы ашылды. Жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайтын ғимарат қос қабаттан тұрады. Онда 1,5 миллионнан астам фотосурет пен тарихи шежірелер топтастырылған. Ғимараттың екінші қабаты «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығына айналған.
«Жеңіс» саябағының қақ ортасынан бой көтерген «Данқ» залының бірінші бөлігінде соғысқа қатысқан жауынгерлердің деректері жыл-жылға бөлініп, топтастырылған. Қабырғалардағы миллиондаған суреттер сол кезеңдегі соғыс көріністерін еріксіз көз алдыңа алып келеді.
Соғыс басталғаннан аяғына дейінгі маңызды мезеттерден бөлек, бұған дейін жарияланбаған тың деректер алғаш рет бір жерге топтастырылып отыр. Мәселен, баласынан айырылған аналар мен әкесі соғысқа кетіп жетім қалған балалардың бейнелері сәтті суреттелген. Сондай ақ, жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өреңім» атты өлеңі көзге оттай басылады.
Бекқұлы Әліұлы, тарихшы:
Жамбылдық 128 жауынгер Отан соғысында Брест қамалын қорғаған. Сол жауынгерлердің 68-нің суреттері мына стендте көрініп тұр.
Ал, «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығында батырдың бала шағынан кемеңгерлік жасына дейінгі өмірін бейнелейтін музей мен көркемсурет бұрышы бар. Онда қарулы қаламгердің шығармашылық-тұлғалық болмысы айшықталған. Сонымен қатар, деректер жинақтайтын мамандарға арналған үш қызметтік бөлме мен бір фотолаборатория қарастырылып отыр.
Зейнеп Ахметова, Бауыржан Момышұлының келіні:
Әр қалада шашырап жатқан дүниенің басын бір жерге қосқанда, өте қомақты болайын деп тұр.
«Данқ» залы салтанаты жарасқан саябақтың өткен жылы басталған жаңғырту жұмыстарының жалғасы. Жоба құны 546 миллион 769 мың теңгені құрайды. Жаңа ашылған нысан даңқты жауынгерлердің ерлігін жас ұрпаққа өнеге етіп көрсетуге қызмет етпек.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ