Еліміздің әр өңірде соғыстан қайтпаған батырлардың рухына тағзым жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр өңірде соғыстан қайтпаған батырлардың рухына тағзым жасалды

09.05.2019

Жарты әлемді жалмаған Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын көрмеген, тақсіреттін тартпаған қазақ жоқ. Соғысқа аттанған қазақстандықтардың әрбір екіншісі майдан даласында қаза тапты. Бүгін еліміздің әр өңірінде сол соғыстан қайтпаған батырлардың, Отан үшін от кешкендердің рухына тағзым жасалды.

Сұрапыл соғыс жылдары 45 мың қарағандылық  майдан даласына аттанған. Соның 18 мыңы елге оралмады. Ел үшін жанын қиған ерлерді көпшілік бір минут үнсіздікпен еске алып, сарбаздар көкке оқ атты.

Бүркіт Есжанов, соғыс ардагері:

Қаншама боздақтарымыз осы бейбіт заман үшін өздерінің өмірлерін қиды. Ендігі біздің жас ұрпақ осы бейбітшілікті ардақтап, оны ары қарай сақтап, жалғастыруы керек.

Ал, Таразда 2 мыңнан аса адам Ағаділ Сухамбаев ескерткішінен бастап,  Жеңіс саябағына дейін шерулетіп жүріп өтті. Жамбыл облысынан майданға 120 мыңнан астам жауынгер аттанған. Олардың 32 мыңына туған жердің топырағы бұйырмады. Ал, майданда ерен ерлік көрсеткен 39 жамбылдық Кеңес Одағының Батыры атанса, 9-ы жауынгерлік «Даңқ» орденін иеленген.

Керекудің орталық алаңына да жиылған жұрт соғыс құрбандарын еске алды.  Отан үшін кеудесін оққа тосқан батырларға тағзым етті. Павлодар облысынан 46 мың адам соғысқа алынған екен. Олардың 20 мыңнан астамы елге қайтып оралмады. 10 мың боздақ хабарсыз кетті. «Сондықтан, бұл қуанышынан қайғысы басым күн», дейді майдангерлер. 

Ғазиз Әміренов, соғыс ардагері:

Қазақстанымыз гүлдене берсін! Өмір жастарың ұзақ болсын! Елге тыныштық берсін! Соғыс болмасын!

Сұм соғыста шейіт болғандардың, хабарсыз кеткен боздақтардың, тылда тер төккендердің еңбегі мен ерлігіне бас ию, тағзым ету - бізге парыз, ұрпаққа ұлағат.

 

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу