Әлемді мойындатқан жас композитор - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемді мойындатқан жас композитор

24.04.2019

«Ең дамыған озық 30 мемлекеттің қатарына қосылу үшін экономикалық жетістіктерімізбен қатар, рухани мұрамызды да әлемге әйгілеуіміз керек». Бұл - «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Рахат-Би Әбдісағиннің пікірі. Композитордың айтуынша, еліміздің рухани байлығын жаһан жұрты танып үлгерген жоқ. Бұл бағытта қазақ қоғамын ауқымды жұмыс күтіп тұр. Сегіз тілде еркін сөйлейтін өнерпаздың жетістігі туралы тілшіміз Нұрлан Асқарұлы әңгімелейді.

Тіршіліктің тынысынан шабыт шақыратын Рахат-Би өмірін өнерсіз елестете алмайды. Себебі мектеп қабырғысында жаратылыстану ғылымдарына жүйрік болғанымен, қоғамдық ғылымдардың ішіндегі әуез әлемін зерттеуге ден қойған.

Рахат-Би Әбдісағин, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, композитор:

- Еуропалық тұрғындар басқа, олар елдің мәдениетіне ерекше мән береді, сол арқылы таниды. Музыка - ол адамзат өркениетінің дамуының айшықты, бір белестерінің бірі және соның айнасы.

Композитордың өнерінен айрықша әсер алған мәскеуліктер оның шығармасы арқылы халқымыздың осы заманға сай классикалық музыкасын танып, әсерлі әуездің құдіретін мойындады. Биыл Рахат-Би Милан қаласындағы Джузеппе Верди консерваторияның докторантурасын бітіреді.

Арман Жүдебаев, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры:

- Біз сондай таланттарды көтеру керекпіз. Әлі талай музыка жазады. 

Бүгінде жас композитордың симфониялық оркестр мен камералық ансамбльге арнап жазған классикалық туындылары 100-ден асады.

Ұлы даладағы айтулы күйшілердің рухани мұрасынан қанып ішкен композитор 20 жасында ғылым мен өнердің шыңын бағындырды. Арманы асқақ, бағыты айқын өнерпаздың еңбегі еліміздің абыройын әлі де асқақтатанына сенім мол.

Нұрлан Асқарұлы

Хабарламаларға жазылу