Алматыда «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір бағыты саналатын «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының кезекті 30 кітабының таныстырылымы өтті. Сонымен қатар, «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасы аясында әлемнің 6 тіліне аударылған Қазақ әдебиеті антологиялары оқырмандар назарына ұсынылды.
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті мен мәдениеті, музыкасы мен театр және кино саласындағы жетістіктерін насихаттайтын 160 отандық автордың туындылары ағылшын, орыс, қытай, испан, француз және араб тілдеріне аударылған. Бастаманың сәтті шығуына үлес қосқан аудармашылар мен баспа ұйымдарының өкілдері алдымен, елге келіп, қазақ авторларымен жеке-жеке сұхбаттасқан.
Аида Балаева, ҚР Президенті әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі:
- Әр елдің болмысын, жан дүниесін білу үшін әдебиеттің рөлі маңызды. Өйткені әр өнердің шыңы, мәдениеттің қазығы - әдебиет. Сондықтан да, бүгінгі кино саласы, театр саласы, телевидение саласының түп негізінде әдебиет тұр. Сондықтан болар, Елбасы өзінің бағдарламасында әдебиет саласына көңіл бөліп, осындай жобаға жол берді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының кезекті отыз кітабы көпшілікке ұсынылды. Шарада ғалымдар құқық, заң, психология, маркетинг және саясаттану саласындағы жаңа оқулықтар туралы ойларын ортаға салды. Оқымыстылардың пікірінше, шоқтығы биік шетелдік оқулықтарды аударып, әлемдік тәжірибені игерудің маңызы зор.
Жалпы, қазақ тілінен өзге тілге аударылған, сырт елдердің тілінен ана тілімізге тәржімаланған шығармалар түпнұсқадан ауытқымай, көркемдік сапасы сақталған күйде жарық көрді. Әлемдегі ең беделді баспалардан шыққан антологиялар 5 құрлықтағы 90-нан аса елдің ғылыми орталықтары, кітапханалары мен жоғарғы оқу орындарына жеткізіледі. Енді 2 миллиард 600 миллионнан астам халық қазіргі қазақ әдебиетінің жауһарларымен таныса алады.
Нұрлан Асқарұлы