Түркістан облысында қызғалдақ фестивалі басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында қызғалдақ фестивалі басталды

18.04.2019

Түркістан облысының қыраттары қызғалдаққа толды. Көкорай көктемнің, көрікті тіршіліктің жаршысындай болған жауқазын гүлдердің тұқымы қазір қып-қызыл шоқтай болып, төңіректі құлпыртып тұр. Өңір жұртшылығы жылдағы дәстүр бойынша қарт Қаратау мен Алатаудың түйіскен тұсындағы Шұбайқызыл шоқысында бүгін қызғалдақтар фестивалін өткізді.

Ғани Қалмаханов, тілші:

- Қызғалдақтың «Қызыл кітапқа» енген Грейг деген түрін Түркістан облысының Қазығұрт, Төле би және Бәйдібек би аудандарының таулы аймақтарынан кездестіруге болады. Ең көп өсетін жері осы - Түлкібастағы Шұбайқызыл шоқысы. Жылына небәрі 2 апта ғана бүр жарып, гүлдеп тұратын қызғалдақтар төңіректі қызыл кілем төсегендей әсем кейіпке бөлеп тұрады.

Шоқыны көктемдегі түр-түсіне қарап жұрт кейде «Қызыл төбешік» деп те атайды. Қызғалдақ гүл ашып тұрған осындағы аумақтың көлемі 20-25 гектар. Келушілер гүлді оңды-солды жұлып, рәсуә етпеуі үшін бұл жер ерекше қорғауға алған.

Мархабат Байғұт, жазушы, «Алаш» сыйлығының иегері:

- Табиғи сұлулық, көркемдік тұрғысынан қарағанда Табиғат-Ананың ерекше сыйы. Қыз бен қызғалдақты теңеген қазақ - жаны да, тәні де таза, ақын халық қой. Бұл - сұлулықтың символы. Гүлдің патшасы.

Ықылым заманнан қазақ топырағына тамыр жайған гүлдердің өзіндік артықшылығы да бар. Мамандардың айтуынша, жапырағы үлбіреген жергілікті гүл шоқтары түр-түсімен және хош иісімен дараланады. Кең байтақ қазақ даласында көктем шыға көздің жауын алып, қырларда құлпырып-жайнайтын қызғалдақтың біздің жерімізде қазір 35 түрі кездеседі.

Әшімхан Қанаев, биология ғылымдарының докторы, профессор:

- Соның 35 түрінің ішінде 12 түрі - эндемикалық. Тек Қазақстанда ғана жерсінген, осы жерде ғана өсетін түрі. Сондықтан Қазақстан - қызғалдақтың отаны деп айтып отырғанымыз сол.

Осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған фестиваль аясында көпшілік қызғалдақ бекетінде серуен құрды. Ақындар сұлулық символын жырға қосып, өнерпаздар әнге қосты.

Сондай-ақ, қызыл түске боялып, алаулаған шоқының басына жайғасқан суретшілер майлы бояумен табиғаттың таңғажайып көріністерін кенеп бетіне түсірді.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

Хабарламаларға жазылу