Алматыда белгілі жазушы Бибігүл Иманғазинаның «Тауқымет» романы жарық көрді. Бұл - қаламгердің 35 жыл бұрын бастаған шығармасы.
Роман үш бөлімнен тұрады. Кейіпкерлері де өмірде болған адамдар. 17 жасында бір қаныпезердің кесірінен мүгедек болған, сұлу да өнерлі, қаракөз қазақ қызының ауыр тағдыры арқау етілген. Шығарманың бас кейіпкері - автордың өзі. Өйткені, Бибігүл Қабиқызы қоғамдағы мүгедек аналардың басына түскен ауыртпалықты қоса көтерген жазушы. Ол «Бибі-ана» деген қоғамдық ұйым құрып, 25 жылда мыңдаған отбасына көмек көрсеткен. 500-ден астам мүгедек ананың балаларына қамқорлық жасап, жоғары білім алып, жұмысқа орналасуларына ықпал еткен.
Нұрлан Оразалин, жазушы:
«Тауқыметтегі» басты кейіпкер Бибісана, ал бұл кісінің ел аузындағы аты Бибіана. Бибіананың ел жақсы білетін ерліктері жетерлік. Мысалы, жетім көрсе де, жесір көрсе де, қиналып жатқан қазақтың отбасы болса, соның бәріне қолұшын беріп отыратын. Бұл - Бибіананың қайраткер ретіндегі ерлігі.
Аманкелді СЕЙТХАН