Мәскеу жұртшылығы қазақтың тұңғыш бард ақыны Табылды Досымовты еске алды. Ресей астанасындағы Орталық кино үйінде әншінің құрметіне арналған салтанатты кеш өтті. Шараны Табылды Досымов атындағы республикалық қоғамдық қор мен Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі бірлесіп өткізді.
Басқосуға жергілікті өнерсүйер қауым мен Мәскеудегі қазақ диаспорасы жиылды. Кеш барысында ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына арналған «Өмір жолы» деп аталатын деректі фильм көрсетілді.
Содан соң, Табылды Досымовтың ұлы Абыл Аяш концерт беріп, әкесінің халық арасында кең тараған бард әндерін орындады. Естеріңізге салайық, «Ұнатамын мен сені», «Жанарымның жарқылы» деген жыр жинақтары арқылы жұртқа танылған қазақтың алғашқы бард ақыны Табылды Досымов 2010-шы жылы өмірден өткен еді.
Бижан Қалмағанбетов, Т. Досымов атындағы республикалық қоғамдық қорының директоры:
Біз Табылды Досымовтың өнерін насихаттап, Қазақстанда, Қытайда, Моңғолияда өткізіп жүрміз. Содан «неге біз осы көршілес елге, Мәскеу жұртына Табылдыны таныстырмасқа?» деген ой келді, содан концертті Мәскеуге алып келіп отырмыз.
Абыл Аяш, Табылды Досымовтың ұлы, әнші:
Әкемнің өнерін алып жүруіме себеп, ол әкемнің артында қалған мұрасы, әндері маған үлкен аманат. Бүгін шетелде, Ресейде концерттің өтіп жатуы, әкемнің өнердегі биік шыңға жетуі, соны көрсеткіші деп білемін.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ