Атыраулық жас зергер Қайрат Шапабаев ұлттық мұраны заманға сай жаңғыртып жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атыраулық жас зергер Қайрат Шапабаев ұлттық мұраны заманға сай жаңғыртып жүр

11.04.2019

Атыраулық жас зергер Қайрат Шапабаев ұлттық мұраны заманға сай жаңғыртып жүр.  Шебер қазақ даласынан табылған тарихи таңбаларды бұйым бетіне бедерлеп, күмістен құяды.

Тастың өзін теңдессіз әшекейге айналдыратын ол – ұлттық нақышты ұлықтайды.  Қолынан 500-ден астам бұйым шыққан. Көпшілігі өз иесін тауып, тіпті құрлық асқан. Толығырақ тілшіміз Жандос Темірғали жеткізеді.

Бұл - темір төсте шыңдалып жатқан, шебердің кезекті шедеврі. Түймедей бұйымға толғауы терең тарихты таңбалайтын қолөнерші әр іске үлкен ыждахаттылықпен кіріседі.  Бекзат өнер бойына қонғалы -11 жыл. 

Қайрат Шапабаев, Қазақстан  қолөнершілер  одағының  мүшесі:

Ата-бабамыздан қалған көне дүниелерді қазіргі заманауи үлгіге лайықты қылып және қолданыста еркін тағуға ғана арналған дүниелер жасауға тырысамын.

Әр бұйымы өзінше ерекше. Қайталанбас эксклюзив. Мәселен, күмісті ыстық эмальмен бояу сирек кездесетін әдіс. Әшекейлердің көп бөлігі Батыс Қазақстан стилінде жасалған. Бұл ең күрделі бағыт. Ізденімпаз жастың талпынысын майталман мамандар да жоғары бағалайды.

Әділқайыр  Жантасов, суретші:

Тасқа біткен таңба, графика саласындағы тарихи деректерді жақсы пайдалана білген. Ерекше өзінің қолтаңбасын қалдырған. Болашағынан үлкен үміт күттіретін, осы өнерді алға қарай жалғастыратын бірден-бір шәкіртіміз.

Шебердің көне заттарға жаны құмар. Бүгінде жеке қорында 19- ғасырға тиесілі зергерлік бұйымдар топтамасымен қатар, киіз үй жабдықтары бар. Олар да 18-19 ғасырдан жеткен.

Қайрат Шапабаев, Қазақстан  қолөнершілер  одағының  мүшесі:

Мысалы, мынау «пасхальное яйцо Фаберже» дейді, бірақ бізде осы сияқты түйме деген болған. Жұмыртқа тәрізді. Мұның жасалу технологиясы Фабержеден гөрі, 2 ғасыр бұрын жасалып кеткен. Сол себептен насихаттағым келеді. Біздің мәдениетіміз әрірек ертеректе дамығанын көрсеткім келеді. 

Басты мақсат –бабалар мирасын сақтап қалу,  болашақ ұрпаққа аманаттау. Зергер бұл ұстанымның ұлы ісін шәкірттеріне де үйретіп жүр. Алдағы уақытта, өз қолтаңбасымен ұлттық брендті қалыптастырсам дейді.  Үлкен дүкен ашып, қазақы бұйым сатуды көздеп отыр.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

Хабарламаларға жазылу