Биылғы Жастар жылына орай қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды. Қазақ күресінен Қоңырбай палуан атындағы жарыс өтті. Игі шаралардан мектеп оқушылары да қалыс қалмады. Олар өзара сурет салу байқауына қатысып, бақ сынады. Ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, өнерпаздар мерекенің көркін қыздыра түсті.
Ұлыстың ұлы күнінде «Қызай ана» қорының өкілдері ауыл мектебінің оқуда озат, тұрмыс жағдайы төмен оқушылары мен көпбалалы аналарға қаржылай көмек көрсетті. Ал, студенттерге бірреттік стипендия тағайындады. Мұндай дәстүрлі қайырымдылық шарасы биыл тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр.
Зәмзәм Сүйембаева, көпбалалы ана:
- Көпбалалы аналарға көмек береді деп шақырды. Көп-көп рахмет. «Қызай ана» қорына алғысымды айтамын.
Мереке алаңында ұлттық қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі мен спорттық шаралар өтті. Өстемір ауылының жұрты көшенің бойын жағалай тігілген ақ боз киіз үйлер кіріп, Наурыз көжеден дәм татты. Ауызы дуалы ақсақалдар ақ батасын берсе, елге танымал өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.
Наурыз күнінің айрықша өтуіне сеп болып, қолдау көрсеткен қоғамдық қор тек мереке кездері емес, әрқашан ауылдықтардың әлеуетін көтеруге атсалысып келеді. Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» бағдарламасы аясында мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетіп, демеу болады.
Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ