Армысың, әз-Наурыз! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Армысың, әз-Наурыз!

21.03.2019

Ұлыстың ұлы күні еліміздің түкпір-түкпірінде дүркіреп тойлануда. Ұлттық арнаның меншікті тілшілері Сәбит Әлдебай, Ардақ Мұратқызы, Ермек Елберген, Ғани Қалмахан тікелей байланысқа шығып, өңірлерде өтіп жатқан мерекелік шаралар туралы айтып берді.

Сәбит Әлдебай, тілші:

- Биылғы Наурыз мерекесінің жылдағыдан ерекшелігі сол - мерекеге келген көпшілік үшін орталық көшенің бойымен ұзын-сонар ақ дастарқан жайылған. Мерекелік дәмнен ауыз тиемін деген тұрғындар да осы дастарқанға жайғаса алады. Күн мен түннің теңеліп, құл құрықтан, күң сырықтан құтылатын ұлық мереке көпшілікке ортақ ұйымдастырылғаны көңіл қуантады.

Бүгін көптен күткен Жастар аллеясы пайдалануға берілді. Онда «Білім алаңы» бой көтерген. Мұнда алдағы уақытта әр жылы білім күні салтанат құрады. Ұлыстың ұлы күні ашылған Жастар аллеясындағы негізгі нысандардың тағы бірі – «Махаббат стелласы». Сән-салтанаты жарасқан стеллаға жазылған осы бір көркем сөз, жастардың санасының төрінен орын алады деген сенімдеміз. Жастар аллеясында тағы алып сахна пайдалануға берілді. Ашық аспан астындағы сахнаның ұзындығы 20 метр, жалпақтығы 9 метрді құрайды. Бұл да облыстың жастарына үлкен сый болғалы тұр.

Сүлейменов көшесінің бойы кішігірім қазақы ауылға айналғандай әсер қалдырады. Ашық аспан астында жайылған дастарқаннан барша қала тұрғындары мен қонақтары дәм татып, мәре-сәре болып жатыр. Ал, Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақта ұлттық спорт ойындарынан жарыс, алтыбақан ұйымдастырылып, мереке маңызы айшықтала түсті. Осылайша қасиетті Әулиеата жерінде Наурыз тойы дүбірлі думанға ұласып жатыр.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Оралда ауа райы тамаша. Көріп тұрғаныңыздай, күн жарқырап тұр. Мына жерде халық серуен құрып, мерекелік думанды тамашалап жүр. Біз қазір Тұңғыш Президент атындағы басты алаңдамыз. Биылғы мерекелік бағдарлама Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына негізделген. Қазақта киелі саналатын 7 саны ұлықталады. «Жеті ғашық», «Жеті жарғы», «Жеті қазына» дәріптеліп, қойылымдар қойылуда.

Сондай-ақ, алаңда 7 киіз үй тігіліп, 7 жігіт ортаға шығып, жарапазан айтуда. Мына жақта қолөнер шеберлері көрмесі де ұйымдастырылған. Ұлыстың ұлы күні тек облыс орталығында емес, барлық аудан, ауыл-аймақта да осылай тойланып жатыр. Ендеше, Наурыз құтты болсын! Әр шаңыраққа ырыс-құт, бақ-береке әкелсін!

Ермек Елберген, тілші:

- Көкшетаулықтар Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесін барлық сән-салтанатымен тойлауда. Бүгін ауа райы да керемет. Сондықтан басты мерекелік шара болып жатқан Абылай хан алаңына келген тұрғындар мен қала қонақтары көп. Олардың назарына алдымен 7 бөлімнен тұратын «Ұлы Дала Мекенім» атты театрландырылған қойылым ұсынылды. Оның мазмұны Наурыз мерекесін сипаттайды және қазақ халқының салт-дәстүрлерін қамтиды.

Бірлік пен берекенің, молшылық пен ырыстың мерекесі - әз-Наурызды тойлау жыл өткен сайын кеңінен жайылуда. Ақмола облысында бір аптадан бері Ұлыстың ұлы күніне арналған түрлі бағыттағы іс-шаралар ұйымдастырылды. Көкшетаудағы мереке Тәуелсіздік алаңында да жалғасады. Ол жерде ұлттық тағамдар әзірленуде. Сондай-ақ, қазақ күресінен, тоғызқұмалақтан, асық ойнаудан жарыстар өтті. Бізде бар ақпарат бойынша бүгін Ақмола облысының барлық елді мекендерінде Наурызға арналған салтанатты жиындар ұйымдастырылған. Бастысы, халықтың көңілі көтеріңкі. Бір-бірін құттықтап, шат-шадыман болып жүр.

Ғани Қалмаханов, тілші:

- Ұлыс оң болсын, қазақ елі! Күн мен түн теңесіп, көктемінің жадыраған күнімен кіріп келген жылды Түркістанның жұртшылығы төңірегі түгел, мал жаны аман, ақ көңілмен қарсы алып отыр. Таңмен таласа тұрған жұрт бүгінгі мерекені бір-біріне жақсы тілек айтып, есен-саулықта жүрейік деген ізгі тілекпен бастады.

Наурыз мерекесін түстіктің жұрты бір аптадан бері тойлап жатыр. Көрісу күнінен басталған атаулы күндерді «Тағзым», «Тазару», «Көктем шуағы», жалғады. Өңірдегі кітапханаларда «Менің елім - күндей нұрлы Қазақстан», «Наурыз - жыл басы» атты тақырыптарда кітап көрмелері өтті. Есім хан алаңына жиылған жұрт қазір «Қош келдің, әз Наурыз!» деп аталатын хореографиялық комозияцины тамашалап жатыр.

Ұлысымыздың ұйытқысы болған Түркістан - сан ұрпақтың тағдыры тоғысқан тарихи мекен. Сондықтан да салтанатты мерекеде тарих тереңінен сыр шертіліп, Тәуелсіздігімізді бекемдей түсуге негіз болған келелі істер сахналық қойылыммен айшықталды.

Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғат анамен тығыз байланыстырған оңтүстік жұртшылығы Ұлыстың ұлы күні - әз-Наурызды, міне, осылайша қарсы алып отыр.

Хабарламаларға жазылу