Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай «Ана туралы аңыз» атты кеш өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әмина Өмірзақованың 100 жылдығына орай «Ана туралы аңыз» атты кеш өтті

19.03.2019

Алматыда Әмина Өмірзақованың туғанына 100 жыл толуына орай «Ана туралы аңыз» атты еске алу кеші өтті. Бұл шара актрисаның жарты ғасырдан астам уақыт еңбек еткен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрынан басталды. Оған театр, кино майталмандары мен қала тұрғындары қатысты.

Әмина Өмірзақованың 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде тойланады. Сонымен қатар, алдағы уақытта актрисаның құрметіне «Алтын сақа» атты жаңа қойылымдар фестивалі өтеді. «Себебі ұрпақ үшін өшпес із қалдырған тұлғаның есімін бүгінгі буын білуі қажет»,-дейді өнертанушылар.

Азамат Сатыбалды, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының директоры:

- Көрермендермен бірге, Әмина апамыздың көзін көрген, сахналас болған, кино алаңында бірге кездескен әріптестерінің ортасында тамаша бір еске алу кешін өткізсек деген ой болды. Мен ойлаймын бұл сол үлкен дүбірлі мерекенің басы деп.

Әмина Өмірзақовамен бір сахнада өнер көрсеткен әріптестері Асанәлі Әшімов, Лидия Кәденова, Кәдірбек Демесін сынды өнер майталмандары мен оның шәкірттері актриса туралы жиналғандарға естеліктер айтты.

Асанәлі Әшімов, Халық әртісі:

- Әмина апайдан талай үлгі алдық. Апамыз болды. Ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін жан еді. Күлкісі қандай еді. Ұлы дәрежедегі актриса.

Әмина Өмірзақова 70 жылға жуық сахналық ғұмырында 150 спектакльде басты кейіпкерлерді сомдаған. 40-тан астам көркем фильмге түскен. Мәселен, қазақ киносының баға жетпес қазынасына айналған «Абай», «Жамбыл», «Бір ауданда», «Ана туралы аңыз» фильмдері. Әйгілі «Тақиялы періштедегі» Тана апайдың рөлі халықтың махаббатына әлі күнге дейін бөленіп келеді. Сондықтан оның бейнесі халық жадында мәңгі жаңғырмақ.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу