«Ұлы дала: тарих және мәдениет». Осындай атаумен Татарстан астанасы Қазан қаласында Қазақ даласындағы көне өркениеттен хабар беретін көрме ашылды. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» деп аталатын халықаралық жобаның аясында ұйымдастырылған шара 1 айға созылады. Бұған дейін бұл көрме Минск, Мәскеу, Баку, Сиань, Сеул, Гданск қалаларында өтіп, тарихымыз бен мәдениетімізді шетелдіктерге таныстырған.
Нұртас Солтанұлы, тілші:
«Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі». Бұл халықаралық жоба 1 жылдан астам уақыттың ішінде әлемнің 6 бірдей шаһарында болды. Қазақ даласындағы тарих пен мәдениеттен хабар беретін бұл көрме енді Қазан қаласына келіп жетті.
Көрме Қазан Кремліндегі мемлекеттік мұражай-қорығында өтіп жатыр. Осыдан бір жыл бұрын Мәскеуде болған шараның Ресейге қайта айналып, Татарстан астанасына келуі тегін емес. Себебі, қазақты «түбіміз бір түркі баласы» деп санайтын татар жұрты, біздің тарихқа ерекше ынтық.
Зиля Валеева, «Қазан кремлі» мұражай-қорығының директоры:
Біз үшін өзіміздің туған халқымыз қазақтардың бай мирасымен танысу өте зор дәреже. Бұл тарихи материалдардың барлығын қарап, тарихты үйреніп, біздің жақындығымызды сеземіз.
Берік Әбдіғалиұлы, «Архив 2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы:
«Алтын адам» шын мәнінде әлемдік өркениеттегі өзіндік орны бар символға айналған. Соны насихаттау, қазаққа, қазақ тарихына деген қызығушылықты тудыру. Сондықтан, мақсат - сол ескерткіш образы арқылы қазаққа, қазақ жеріне, тарихына қызығушылықты ояту, туризмді дамыту.
Көрмеге Ұлттық музей қорындағы 127 құнды жәдігер қойылды. Олардың қай-қайсысы да қазақтың бай тарихының, терең мәдениетінің куәгерлері. Әлбете, Тәуелсіздігіміздің символы саналатын «Алтын адамның» шоқтығы өзгелерден биік тұр.
Ирада Аюпова, Татарстан Республикасының мәдениет министрі:
Мәдени байланыстар үшін ешбір шекара жоқ. Себебі, біз қазақ халқымен өзіміздің қандай ұқсас екенімізді, тарихымыздың ортақ, қанымыздың бір екенін түсенеміз. Сондықтан, осындай көрмелер біз үшін қызық әрі қажет.
Алмаз Нұразхан, ҚР Ұлттық музейі директорының міндетін атқарушы:
Болашақта Италияда, Римда қоямыз, ары қарай Грузия, Өзбекстан, Малайзия. 2020 жылы мұхит асып, Америкадан бастап, тағы бірнеше елге барамыз.
Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарынан табылған тарихи экспонаттар Қазақ даласындағы зергерлік өнер, көне металлургия, жылқының алғаш қолға үйретілуі сынды өркениетімізден хабар береді. Мұның барлығын енді Татарстан халқы 15-ші сәуірге дейін тамашалай алады.
Нұртас СОЛТАНҰЛЫ