Еліміздің әр өңірінде Амал мерекесі тойлануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздің әр өңірінде Амал мерекесі тойлануда

14.03.2019

Амал мерекесін Жетісу жұрты алғаш рет тойлап жатыр. Игі бастамаға өнер ұжымдары қолдау білдірді. Көрісіп, көңіл сұрап, құшақтасып, амандасып жатқан жұрттың ішінде әріптесім Қуаныш Қанатұлы да бар. Дәл қазір ол бізбен тікелей байланысқа шығуға дайын. Қуаныш, көрісу күні қалай өтіп жатыр?

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Ассалаумағалейкум ардақты ағайын. Ия, Қайрат, әлгінде өзің айтып кеткендей Жетісулықтар амал мерекесін алғаш рет тойлап жатыр. Шараға ұйытқы болған Алматы облыстық Бикен Римова атындағы драма театры мен «Алатау әуендері» шығармашылық бірлестік ұжымы.

Бір-бірімен көрісіп жатқан әртістерге өзге де  өнерпаздар қолдау білдіріп қонаққа келді. Театрландырылған қойылым, ән мен би және ұлттық дастархан мәзірі театрдың әсем ғимаратына көктем шуақты мерекесі Наурызды сүйіншілегендей.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Жетісу төрінде Наурыз мерекесі биыл ерте басталды. Және ары қарай мәнді жалғасын таппақ. Наурыз тойында халықты көптеген қызықтар күтуде. Мәселен тұрғындарға 10 мың литр наурыз көже әзірленіп, бір тонна бауырсақ пісіреді деген жоспар бар. Жетісу жерінде бүгін ерекше тұрған күн Тараз халқын да өз нұрымен қуантып жатқан шығар. Сәбит?

Сәбит Әлдебай, тілші:

Ия,  рахмет, Қуаныш! Қасиетті әулиета жерінде, бүгінгі амал мерекесіне орай күннің көзі де ашылып, шуағын шашып тұр. Алты ай қыстан аман шыққан ағайын бүгінгі көктемнің күніне жетіп, амандық саулық сұрасып көрісіп жатыр. 

Жалпыхалықтық мерекеде тұрғындар үшін түрлі концерттік бағдарлама дайындалған. Әрі таныстарымен кездесуге жиналған жұрттың  көңілдінде қуаныш, жүздерінде күлкі.  Сәлем-сауқат сұрасып,  мәз мейрам болып жүр.

Қазір менің жанымда Тараз қаласының құрметті тұрғындарының бірі, тіл жанашыры, ұлттық құндылықтарымызды насихаттаушы, Руханият қоғамдық бірлестігінің төрайымы Үртай Сапаққызы тұр. Бүгінгі көңіл күйіңіз қалай? Жалпы бүгінгі мерекені атап өтудің маңыздылығы қанша?

Үртай Сапақова, Тараз қаласының тұрғыны:

Өте жақсы көңіл күйім мерекедегідей, өйткені, ата-бабамыз айтып кеткен «өлмеген құлға келді жаз» деген мезгіл келді. Оны неге олай айтқан? Өйткені, ол кезде көлік болмаған, үлкен мал-жанымен бөлек отырған қазақ, бірін-бірі көре бермейді,        қаһарлы қыстың қиындығынан мал да, жан да шаршап шығып, жер бусанып, Жер ана демалып, халықтың ары қарай жаймашуақ күнінде жаңа күнінде, мүмкіндік берген осындай кездің келіп отырған кезі.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Бүгін өзінің қанша тұрғынмен таныстарыңызбен, көрістіңіз, амандастыңыз?

Үртай Сапақова, Тараз қаласының тұрғыны:

Мен бүгін тусқандарымды көре қойған жоқпын, таңертең мен қалаллық мәдениет үйіне ерте келдім, Төрт бес адаммен көрістік.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Көп-көп рахмет!  Шынын да қалалық мәдениет үйінің алдында жиылған жұрттың қарасы қалың.  Тұрғындарға  «Көрісу» салт-дәстүрінен театрландырылған көрінісі көрсетіліп, ұлттық спорттық ойындары мен жарыстар ұйымдастырылған. 

Тағы айта кететін жағдай, өңіріміздің әр қырында бүгінгі амал мерекесі сән- салтанатымен аталып өтуде. Бізде әзірге осы, ал Ақтөбе облысында амал мерекесі қалай өтіп жатыр екен әріптесіміз Жақсыбектен білсек. Жақсыбек?

Жақсыбек Кемал, тілші:

Рахмет, Сәбит! Көрісу күнін ақтөбеліктер де ерекше көңіл-күймен қарсы алып жатыр. Қаланың бірнеше жеріне киіз үйлер тігіліп, мерекелік шаралар ұйымдастырылды.

Бұл мейрамды жергілікті халық «Оралмандар ауылы» атап кеткен елді мекен тұрғындары да барынша сән-салтанатымен тойлауда. Киіз үй тігіліп, қазан көтерілді. Жиналғандар наурыз көжеден дәм татып, жаңа жылға жақсылық тіледі. Ал, жүректі де білекті жігіттер белдесіп, арқан тартысып, ұлттық ойындардың көркін қыздырды.

Қазір менің жанымда облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Марат Қабижанұлы тұр, Марат аға, жергілікті халық пен шеттен келген қандастарымыздың Көрісу мейрамын тойлауда өз ерекшеліктері бар ма?

Марат Қабижанұлы, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

Біз мұндай ерекшелікті 10-15 жылдан бері Ақтөбе облысында енгізіп келеміз.

Ақтөбе облысында наурыз мейрамын тойлау бір айға, яғни 14-інші сәуірге дейін жалғасады. Ал, 21-22 наурыз күндері  облыс көлемінде 300 мың адамды қамтитын мыңнан аса іс-шара өткізу жоспарланып отыр. 100-ден аса киіз үй тігіліп, тұрғындарға 130 тонна көже мен бауырсақ таратылады.

Жақсыбек КЕМАЛ

Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ

Сәбит ӘЛДЕБАЙ

Хабарламаларға жазылу