Түркістан облысының Сарыағаш қаласында ағаштан түйін түйіп, ата кәсібімізді кәсіпкерлікпен үйлестіріп келе жатқан Нұржан Қарсыбаев есімді шебер тұрады. Ол ағаштан домбыра, қобыз секілді саз аспаптарын жасайды. Тапсырыс болса, бесік пен ер-тұрман да шабады.
Сондай-ақ, бүгінде оның ағаштан ойып жасаған тұрмыстық заттары мен табақ, астау, тегене, шөміш сияқты ыдыс-аяқтарына сұраныс көп. Ғаламтор арқылы бүгінде еліміздің түрлі өңірінен тапсырыс беріп, аттай қалап сатып алып жатқандар да бар.
Шебердің қолына тиген доғал ағаш әп-сәтте осындай әдемі, зерлі бұйымға айналып шыға келеді. Арнайы станоктың көмегімен ең тез жасалатыны - сусынға арналған кесе. Ал ағаш астау мен тегенеге уақытпен бірге икем мен асқан ептілік қажет. Олардың пішіні де әртүрлі. Мұндайда шебер шот пен үскі, қашаудың сан алуан түрін қолға алады. Қашалып, дайын болған бұйымдардың сырты қазақы ою-өрнекпен әспеттеледі.
Нұржан Қарсыбаев, ағаш шебері:
Сандық, асадал, кебеже болсын, қобыз, домбыра болсын оның бәрін ата-бабамыз жасап кеткен бұрынғы таңда. Қазір біз соны сұранысқа байланысты сол атаудағы дүниелерді әрлеп, әсемдеу жағынан, көз тартатындай етіп жасап жатырмыз.
Нұржан шебер жуырда тағы бір ұлттық қазынамыз - бесікті жаңаша ою-өрнекпен жасап шықты. Оның басты ерекшелігі ағаштан тұтас шабылған. Тағы бір айырмасы, ою-өрнегі қазіргі құр бояу емес, бесіктің сүйегіне қашалып бедерленген.
Нұржан Қарсыбаев, ағаш шебері:
Неге қазақы өрнекте болмасқа, деп жақын арада осы бесікті жасадым. 4 бөліктен тұрады. Ойлағынымды сызып, жаңа бір өрнек қостым.
Шебердің өнегелі ісін үйреніп, оған қолғабыс жасап жүрген ізбасарлары жетерлік. Солардың бірі - Нұрсұлтан. Бес жылдан бері шеберханада жұмыс істеп, осы өнердің қыр-сырын меңгерумен келеді. Қазірдің өзінде көп бұйымдарды өзі жасай береді. Талапты жас жуырда облыста өткен байқауда «Жас қолөнер шебері» жүлдесіне ие болды.
Нұржан Қарсыбаев, ағаш шебері:
Әр істеп жатқан жұмысыңа сабырлылықпен, сондай бір ықыласпен істесең әр затың өзі сұлу болып шыға келеді соңында. Сол біткен кезде істеген затқа қарап қаунасың, рахаттанып, әсер аласың.
Нұржан ата кәсіпке негізделген инновациялық жобасының арқасында мемлекеттен грант жеңіп алды. Қайтарымсыз қаржыға бірнеше ағаш жонатын қондырғы әкеп орнатты. Қазір шеберханасында 7 адам жұмыс істейді. Олар еңбегіне қарай тәп-тәуір табыс табады. Шебер енді ұстаханасын кеңейтіп, мұнан өзге де ауыл жастарын ұлттық қолөнерге баулуды ниет етіп жүр.
Ғани ҚАЛМАХАНОВ