Мәскеуде «Алпысыншы жылғылар. Түркі романтизмі» атты сурет көрмесі өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәскеуде «Алпысыншы жылғылар. Түркі романтизмі» атты сурет көрмесі өтіп жатыр

11.03.2019

Қазақ көркемөнерінде 60-ыншы жылдардағы суретшілердің орны бөлек. Себебі олар ешкімге еліктеген жоқ, әрі өзге елдің қылқалам шеберлеріне ұқсағысы келмеді. Сондықтан олардың қолынан шыққан туындылар күні бүгінге дейін өзектілігін жоймады. Мәскеудегі Зураб Церетели атындағы өнер галереясында «Алпысыншы жылғылар. Түркі романтизмі» деп аталатын сурет көрмесі өтіп жатыр.

Қазақстанның Ресейдегі Елшілігі мен Әбілхан Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы бірлесіп қолға алған шара осы айдың соңына дейін жалғасады. Көрмеге Салихитдин Айтбаев, Шаймардан Сариев, Бақтияр Табиев, Исатай Исабаев, Оралбек Нұржұмаев, Еркін Мергенов сынды бір топ суретші мен мүсіншілердің 50-ге тарта еңбектері қойылды.

Күлжазира Мұқажанова, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайының аға ғылыми қызметкері:

- Қазақ өнерінде 60-ыншы жылдардағы буынның орны ерекше. Себебі ол кездегі суретшілер үнемі ізденісте болды, жаңа идеяларды өмірге әкелуге тырысты. Олар қазақтың ұлттық ерекшелігіне негізделген өзіндік стилді қалыптастырды.

Ольга Юшкова, Ресей көркемөнер академиясының жанындағы Өнер тарихы мен теориясы институтының ғылыми қызметкері:

- 60-ыншы жылдардағы қазақ суретшілерінің туындылары ерекше. Олар мәскеуліктерге де, сол заманда дүрілдеп тұрған Балтық бойындағы әріптестеріне де ұқсағысы келмеді, еліктемеді де. Олар өздерінің қоршаған ортасын, халқының бай қазынасын ерекше тәсілмен жарқыратып көрсете білді.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу