Қазақтың өнерлі жастарының Монакодағы концерті дүркіреп өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақтың өнерлі жастарының Монакодағы концерті дүркіреп өтті

06.03.2019

Ұлы дала  сазы Еуропада. Қазақ музыканттары Еуропа жұртын тамсантты. Жас өнерпаздарымыз еліміздің Франциядағы елшілігінің және Монакодағы құрметті консулының қолдауымен Монте-Карлода концерт берді.  «Ұлы даланың жеті қырының бірі де бірегейі - ұлы дала сазын» Франция мен Монаконың мемлекет және қоғам қайраткерлері, саясаткерлері мен өнертанушылары,  қарапайым көрермендері қошаметпен қарсы алды. 

Дәстүрлі әнші Айдана Қаржаубаева, қобызшы Әйгерім Әшімова, домбырашылар дуэті мен «Тұран» этно-фольклорлық ансамблі. Бұған дейін әрқайсысы жеке-жеке әлемнің үздік сахналарында талай өнер көрсеткен. Бірақ, бәрі бірігіп, Монакоға бірінші рет келіп тұр. 

Гүлмира Байқошқарова, концертті ұйымдастырушы:

- Біз «Жастар жылы» Президенттің бастамасын қолдау мақсатында әрі талантты жастарымызды Еуропа жұртына таныстыру үшін осы концертті ұйымдастырып, алғашқы қадам жасадық. Қазақ халқының өте талантты екенін, біздің мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің бай екенін шетелдіктер білсе дейміз.

Әлемге бай-бағыландарымен әйгілі Монте-Карло жұрты өте кірпияз. Соны ескерген ұйымдастырушылар көрерменнің назарына ұлттық ән мен би, күмбірлеген күйді ұсынды. Қобыз мен сазсырнайдың үнінен көпшілік қасқырдың ұлыған даусын, жетігеннен судың сылдырын естіді.

Бір шығарманы 20 ұлттық аспапта ойнаған «Тұран»тобы жігіттерінің өнері еуропалықтарды тәнті етті. Музыканттардың кәсіби шеберлігі, көздің жауын алатын ұлттық киімдердің әсемдігі де талғампаз көрерменнің таңдайын қақтырды.

Жак Буассон, Монако ханзадасы Альбер II-нің Мемлекеттік хатшысы:

- Біз бүгін Қазақстанның байтақ даласына саяхат жасағандай болдық. Осы музыканттардың арқасында қазақ елінің тарихына қанықтық. Керемет әсер алдық. Қазақстанның Франциядағы елшісі мен елдеріңіздің Монакодағы бас құрметті консулына осындай керемет концертке шақырғандары үшін алғысымды білдіремін. 

Калипсо Де Сигальди, Монакодағы мәдени қауымдастықтың вице-президенті:

- Мен қазақтың музыкасымен, әсіресе «Тұран»тобының шығармашылығымен youtube арқылы бұрыннан таныспын. Музыканттар өте талантты, көне мәдениет пен қазіргі мәдениетті ұштастырып, керемет дүние жасап жүр. Осындай концерттің Монакода өткеніне қуанып тұрмын. Талантты музыканттар бізге жиі келіп тұрса жақсы болар еді.

Монте-Карло жұртын көмеймен ән шырқау өнері тамсантты. Ұлы даланың ғажайып сарынын естіп, қазақ еліне виртуалды саяхат жасаған еуропалықтар енді Қазақстанға арнайы сапарлаймыз деп отыр. Монаконы мойындатқан талантты жастардың концерті алдағы екі күнде Канн мен Парижде жалғасады.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу