Сұлу өнердің хас шебері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сұлу өнердің хас шебері

25.02.2019

Ине мен жіпті жанына серік еткен ер азамат. Талғат Қисметов түкті кілем тоқудың хас шебері. Атыраулық жігіттің қолынан шыққан дүниелер ерекше көркемдігімен таң қалдырады. Түкті гобелен тоқуда қыз-келіншектердің өзін шаң қаптыратын ол туындыларында қазақтың ою-өрнегін, ұлттық нақыштарын әдемі үйлестіре біледі.

Талғат Қисметов Бурабайда өткен қолөнершілер көрмесінде бір ерекше дүниеге көзі байланды. Кішкентай ғана кілемше осы күрделі әрі кірпияз өнерді меңгеруге түрткі болды. Тынбай ізденіп, көз майын тауысып, ине мен жіпті ақыры ырқына көндірді.

Талғат Қисметов, қолөнер шебері:

- Сонда қатты қызықтым, соған. Осы неге мен үйренбеймін, оқушыларымды үйретпеймін деген ой туындады. Содан бастадым, құралдарын іздеп. Ине іздеп. Одан ине үйлеспей, мата үйлеспей, көп ізденіс болды.

Қолөнер шебері осы уақытқа дейін 50-ден астам туынды тоқып щығарған. Бұған шамамен 70 мың метрге жуық жіп жұмсаған. Қиялынан туған түкті картиналар сұранысқа ие. Тіпті көбі шетелге сатылған.

Талғат Қисметов, қолөнер шебері:

- «EXPO»-ға 13 жұмысымды апардым. Сол 13 жұмыстың барлығы сатылып кетті.

Шебердің еңбегі бағаланып, жұмыстарының бірқатары музейге қойылған. Солардың бірі «Дала әуені» шығармасы.

Аядай ғана ескі шеберханада теңдессіз туындыларды жасап шығарған өнер иесі, жуырда көрме өткізуді жоспарлап отыр. Әрі гобеленге қызығушылардың басын қосатын орталық ашқысы келеді.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу