«Айка» фильмі Қазақстан кинотеатрларынан 14 ақпаннан бастап көрсетіле бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Айка» фильмі Қазақстан кинотеатрларынан 14 ақпаннан бастап көрсетіле бастайды

11.02.2019

14 ақпаннан бастап «Айка» фильмі Қазақстан мен Ресейде көрсетіле бастайды. Осыған орай Мәскеу қаласында туындының ресми таныстырылымы өтті. Осы фильмде басты рөлді сомдаған жерлесіміз Самал Еслямова ТМД елдерінің ішінде тұңғыш рет Канн фестивалінің бас жүлдесін алған актриса атанғаны белгілі. Туындының режиссері Сергей Дворцевой да Қазақстанның тумасы.    

Ресейлік премьераға көрермен көп жиналды. Себебі «Айка» фильмін жұрт көптен бері күтіп жүр. Бірнеше ел бірлесіп түсірген туынды Қазақстанның атынан «Оскарға» үміткерлер тізіміне енсе, басты рөлді сомдаған қазақ әртісі Самал Еслямова былтырғы Канн кинофестивалінің бас жүлдесін алды. Самалдай талантты тауып, жарқыратып көрсете білген фильмнің режиссері де біздің жерлесіміз.

Самал Еслямова, «Канн» кинофестивалінің жеңімпазы: 

- Сергей Дворцевой талапшыл режиссер. Түсірілім барысында тәртіпті жақсы көреді. Меніңше, режиссердің мұндай қасиеті актерлер үшін жақсы. Қазір енді түсірілім аяқталып, 6 жыл артта қалды. Осы аралықта менің өмірімде, мінезімде аса бір қатты өзгеріс болған жоқ. Бастысы өзіміздің ойымыздағы фильмді түсіріп, жұмысты аяқтадық.

«Айка» – Мәскеуде жұмыс істеп жүрген қырғыз қызының өмірі туралы фильм. Бөтен елдегі, алып мегаполистегі мигранттардың ауыр тағдырын көрсететін туындыны түсіруге 6 жыл уақыт кетті. Ал, көрермен 1,5 сағаттық кинода басты кейіпкердің 5 күндік өмірін тамашалайды.

Сергей Дворцевой, фильмнің режиссері: 

- Фильм ұзақ уақыт бойы түсірілетін кезде барлық дүниені қадағалауға тура келеді. Мәселен, басты кейіпкердің түрі, формасы бәрі өзгермеуі керек. Самалдың әрбір тал шашына дейін қадағалап отырдым. Меніңше, оның бет-әлпетін анасына қарағанда қазір мен жақсы білемін. Осындай ыждаһатты жұмыстың арқасында фильмді көріп отырып, жұрт оның 6 жыл бойы түсірілгеніне сенбейді.

Фильм 14 ақпаннан бастап Қазақстан мен Ресейдің кинотеатрларында қатар көрсетіле бастайды. Фильмді Астана мен Петропавлдегі көрерменге Самал Еслямова мен Сергей Дворцевойдың өздері арнайы барып таныстырғалы отыр.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу