Астана қаласының 300-ден астам бүлдіршіні ертегі әлеміне барып қайтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана қаласының 300-ден астам бүлдіршіні ертегі әлеміне барып қайтты

25.12.2018

Қала әкімінің жаңажылдық шыршасынан алған балалардың әсері ерекше. Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетіп, сый-сияпатқа бөленді.

Бүгінгі шаттықты шараға дайындықсыз келген бала болмады. Әрқайсысы өзіне жақын кейіпкердің рөліне еніп, тұтас ертегілер әлемін құрды. Ғажайыпқа толы, нағыз сиқырлы орта осында.

Әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы отбасылардың балалары мен мүмкіндігі шектеулі балғындар шыршаға арнайы шақыртылды. Осындай думанды кеш арқылы бүлдіршіндерге қазақтың бай тарихы мен ұлттық құндылықтары дәріптелді.

Талғат Теменов, қойылым режиссері:

- Балаларға ертегі ретінде, аңыз ретінде, ойын ретінде «Ұлы даланың жеті қырын» әнмен, бимен айтып шықтық. Баланың ұғымына сәйкес, баланың қабылдау жүйесіне лайық, қызықты, тартысты көрініс болды деп ойлаймын.

Балалардың ешбірі өнерден кенде емес. Талантты балғындар тәтті қылықтарымен тәнтті етті. Шарадан алған әсерлері де шексіз.

Нұрасыл Мұратбай, 5-сынып оқушысы:

- Кеш өте қызықты болды. Зорро деген кейіпкердің киімін киіп келдім. Маған бәрі таңғалып қарады. Мен үшін ұмытылмас күн болды.

Ал, Аружанның жаңа жылдан күтері көп. Тілегі – жалғыз.

Аружан Оразбекова, 3-сынып оқушысы:

- Менің тілегім - жүріп кету. Денсаулығымның жақсы болғанын қалаймын. Жаңа жылдарыңыз құтты болсын! Армандарыңыз орындалсын.

«Үлкеннің мыңын қуантқанша, баланың бірін қуант». Дәуренді, думанды шараның мақсаты - осы.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу