Абайды ақын немесе хакім ретінде емес, мүлдем басқа қырынан танытатын тұңғыш моноспектакль сахналанды. Қойылымдағы басты әрі жалғыз кейіпкер еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов.
Актер Абайдың ішкі әлемін ашуға күш салады. «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла», деп толғатқанындай ойшылша түнеріп, күрсініп немесе қуанып та, жұбанып та көреді. Бастысы, сол сезімнің бәрі ақынның қара сөздері және өлеңдерімен сүйемелденеді. Монологқа «Jan» атауы берілген. «Көрсетілімге Абайдың шығармашылығы һәм өмірімен танысып келген дұрыс», - дейді шығармашыл топ. Ал, бас ақынның таңдалу себебі біреу: «Ол қазақты шын сүйген әрі қазақ үшін күйген дара тұлға болды».
Фархат Молдағалиев, СҚО Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрының көркемдік жетекшісі:
- Қазақты жанымен де, ұғымымен де, түйсігімен де түсінген Абай болғандықтан, қазаққа өте жақын қойылым болады ғой деп ойлаймын. Абай мәңгі. Абай 19 ғасырда өмір сүрсе де, бүгінгі күннің адамы сияқты сахнада сөйлейді. Бұл жерде дана Абайды, ақын Абайды көрсетпейміз. Бұл жерде халқының жоқтаушысы билік айтып отырған Абай емес. Бұл жерде Абайдың ішкі жан дүниесі, қазақ Абай, адам Абай.
Нысаналы ЫҒЫЛ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.