Құрақ көрпе тігу – ұлтымыздың ерекше өнері - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрақ көрпе тігу – ұлтымыздың ерекше өнері

07.12.2018

Соңғы жылдары қазақстандықтар арасында қазақы нақыштағы заттарды пайдалану сәнге айналып келеді. Тұрғындардың ежелгі дәстүрді дәріптеп, ұмыт бола бастаған бұйымдарды қайта тірілткеніне қуанасың. Мұны Елбасы өзінің мақаласында айтқан еді. «Көне дәстүрдің түп-тамырын алып, оны қазіргі заманға сай етіп үйлестіріп халық арасында насихаттау керек», деген болатын.

Сәуле Алдамұратқызы, тілші:

Аманғұловтар отбасы үшін бұл - нағыз демалыс бөлмесі. Отанасы Алтын Шымырбаева қонақ бөлмесіне биік үстелді әдейі қойдырмапты. «Балаларым мен немерелерім қазақтың салт-дәстүрінен алшақ кетпесін деген ниеттен туған іс», дейді.  

Алтын Шымырбаева, қала тұрғыны:

- Қайда барсаң да, үлкен үстелге отырасың. Ас үйде де. Мен балаларыма айтып, дөңгелек үстелге тапсырыс бергіздім. Қазақы көрпе алып, төседік.  Келген қонақтар да риза.

Ал, жас та болса көпбалалы ана атанып үлгерген Алма Сайлауқызы қазақтың ұлттық құндылықтарын сақтап қалуға барын салып жүрген қайсар қыз. Жолдасы Сұңғат екеуі шаңырақтарын безендіруде қазақы нақышты жаңа заманға сай етіп әдемі үйлестіріпті.  

Алма Сайлауқызы, қала тұрғыны:

- Қазіргі кезде балаларымыз басқа жерге шықса да, ұлттық нақыштағы дүниелерді кездестіре бермейді. Ол үшін арнайы мұражайға алып бару керек. Оны күнде-күнде апара бермейміз. Ал, біздің мақсат балалар күн сайын қазақтың ұланы, қазақтың мәдениетінің өкілі екенін сезініп, соған қанып өссе екен деп мақсат қойдық.

Соңғы кездері үйлерін қазақы нақышта безендірушілер көбейген. Қыздың жасауына оюланған көрпе апару да сәнге айналды. Терезе жапқыш, жастықтың тысы, құрақ көрпенің саудасы қызып тұр.

Феруза Ілиясова, тігінші:

- Бөлмелерін қазақиландырыап жасағысы келеді. Қазақы көрпе, төсеніштерге тапсырыс береді.  

Қазір құрақ құраудың тәсілдері біршама күрделенген. Соған қарамастан ісмерлер тұтынушының ойынан шығу үшін барын салуда.

Жасыратыны жоқ, қазір кез келгеніміз шетелдік бренд атауы бар заттарға құмармыз. Үйді қазақша безендіруді айтпағанның өзінде, тым болмаса, ыдыстарымыз бен көрпе-жастығымызда қазақи нақыш жоқ.  Оны өзгерту өз қолыңызда. Тек бойыңыздағы қазақы рухты оятсаңыз болғаны.      

Сәуле АЛДАМҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу