Елімізге шетелден келетін фильмдер қазақ тіліне аударылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге шетелден келетін фильмдер қазақ тіліне аударылады

05.12.2018

Қазір Парламентте қызу талқыланып жатқан «Кинематография туралы» заңның басты талабының бірі - осы. Біз «кинотеатрларда кино неге қазақша көрсетілмейді?» деген мәселені көтерген едік. Мына қабылданғалы жатқан заң соған тұздық болып отыр.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Көпшілік фильмдерді интернеттен гөрі кинотеатрлардан көруге үйір. Сарапшылар солай дейді. Бірақ, еліміздегі 250-ден астам кинозалда голливудтық туындылар орысша сөйлейді. Міне, осы мәселе қазақтілді ортаны қынжылтады.

Жанат Жарасов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі жастарды қазақ тілінде көбірек үйретуіміз керек. Олар кішкентайынан бастап қазақ тілінде кино, мультфильмдер көрсе, өте жақсы болады деп ойлаймын.

Солайы солай ғой. Алайда, алдымен кинопрокат қатқан қағидаға бағынбай қазіргі қалпынан айнымайды. Қабылданғалы жатқан «Кинематография туралы» заңда сондай проблемалық тұстар тыс қалмады. 

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақ тіліндегі киноларды праймтайм уақытында көрсету және шет елден келген түрлі блокбастерлер, киноларды қазақ тіліне аударуды бүгінгі таңда үлкен жұмыс қып қойған болатынбыз.

Өйтпеске амал қалмады. Себебі, бұған дейінгі «Мәдениет туралы» заңда республика аумағында фильмді прокаттау қазақ тілінде және басқа да тілдерде жүзеге асырылады, делінген. Бірақ, қай тілдің қандай үлеспен дубляждалуы тиістігі белгіленбеген.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұрынғы біздің «Мәдениет туралы» заңда да бар. Бірақ, ол былайша айтқанда формальды түрде болды. Оған мән бермеді. Ол міндетті түрде мемлекеттік тілге аударылуы керек. Ол заңда көрсетілген. Мына заң тұңғыш рет міндеттеп отыр.

Ал, дубляждалған фильмдердің халыққа ыңғайлы уақытқа қойылуын талап ету жағы тағы бар. Әйтпесе, кинотеатр иелері нарық заңын алға тартып ақталады. Дегенмен, қанша жерден сылтау айтса да, өзін өзі құрметтеген мемлекет мемлекеттік тілде кино өнім ұсынуы тиіс.  

Смағұл Елубай, жазушы, кинодраматург:

- Кинотеатр жекеменшік болса, оның үстінде тұрған заңымыз бар. Үкіметіміз бар. Мұны бір тәртіпке келтіру керек. Барлық елде жұрт кинотеатрларда өз мемлекеттік тілінде көреді. Қытайда, Чехияда, Ресейде, Францияда мемлекеттік тілде көрсетеді.

Кинотеатрлар түзелер, басшыларын тезге салар деп көптің үміттеніп отырғаны осы «Кинематография туралы» жаңа заң. Енді үдеден шықса игі.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу