Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы неміс тілінде жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» кітабы неміс тілінде жарық көрді

03.12.2018

Тәуелсіздік тарихына қатысты тың деректер топтастырылған туынды Берлинде таныстырылды.

Досымжан Ермұрат, тілші:

«Тәуелсіздік дәуірінің» тұсаукесері Германияның ең беделді Гумбольдт университетінде өтті. Шараға Үкімет мүшелері, Бундестаг депутаттары, кәсіпкерлер, дипломаттар мен жазушылар қатысты. Оларға Қазақстан Президенті кітабының алғашқы даналары табысталды.

Манфред Грунд, Бундестаг депутаты:

- 90-жылдары түрлі қиындықтар болды. Дұрыс саясат пен жүйелі экономикалық ұстанымның арқасында Қазақстанның дамуы табысты болды, деп санаймын. Елдеріңіз Еуропа пен Азия үшін сенімді серіктеске айналған. Жетістіктеріңізді көріп, қуанамын. Бұл кітап Қазақстанның 30 жылдық тарихын, тіпті алдағы 50 жылға арналған жоспарларыңызды баяндайды. Бәріне осы туындыны оқуға кеңес берер едім.

Кітап Қазақстанның азаттық алған тұстан бастап, бүгінге дейінгі жетістіктерін баяндайды. Неміс сарапшылары Президент кітабына «Қазақ тәуелсіздігінің энциклопедиясы» деген атау берді.

Михаэль Глос, Германияның Экономика және технология министрі (2005-2009):

 - Кітапты әлі оқып үлгерген жоқпын, бірақ Нұрсұлтан Назарбаевты біле тұра, ол өте қызық екеніне сенімдімін. Қазақстанды бүкіл әлем сыйлайды. Мұның бәрі - салиқалы саясаттың арқасы. Нұрсұлтан Назарбаев елді алға қарай дамыту үшін үлкен еңбек атқарды.

«Тәуелсіздік дәуірі»  бұған дейін Мәскеу мен Санкт-Петербургте таныстырылды. Кейін Лондонда ағылшын тілінде жарық көрді. Ал, келер жылы Бразилияда 270 миллион адам қолданатын португал тілінде басылады деп жоспарланып отыр.

Досымжан ЕРМҰРАТ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу