Ақын Сұраған Рахметұлы 60 жаста - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақын Сұраған Рахметұлы 60 жаста

28.11.2018

Қазақстан және Моңғолия Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сұраған Рахметұлы 60 жаста. Ақынның шығармашылық кеші елорда төрінде өтті. Ол Моңғолияның еңбек сіңірген қайраткері, «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында 2009 жылы тарих ғылымдарының кандидаттығын қорғаған. 2005 жылдан бері Моңғолия Қазақ қаламгерлер кеңесінің төрағасы, әрі «Шұғыла» журналының бас редакторы.

Өр Алтайдан түлеген ақын Сұраған Рахметұлын білмейтін қазақ кемде-кем. Тіл тағдыры, діл тағдыры, дін тағдырын ұштастырған ұлағатты пікірлері менен ұрымтал ойлары жұрт жүрегіне жетті. Ел мен жердің бүгіні мен ертеңі туралы көсілген ой, көсем сөз тудырды. Бүгінгі буын Сұраған Рахметұлының талантына бас иеді. Жазушының осынау орасан еңбегін елеген оқырмандары арқасына шапан жауып, астына ат мінгізді.

Сұраған Рахметұлы адам мінезін, санадағы көзге көрінбейтін нәзік сезімдерді тамыршыдай дәл таба білген тұлға. 

«Сұраған Рахметұлы әдебиеттің есігін именбей ашып, бірден оның төріне шыққан жазушы», - дейді оның қаламгер әріптестері. Жазушының «Жұлдыздың лағыл елесі», «Ақ тегершік», «Өрен жүйріктің сілекейі» секілді жинақтары көпке мәлім.

Сұраған Рахметұлы қазақтың қара сөзін жаһанданудың жауһар бөзіне орап, жаңа мыңжылдықтың жадына енгізген жазушы әрі журналист. «Сондықтан, Сұраған Рахметұлының әдебиетке бергенінен әлі берері көп», - дейді оның әріптестері.

Ғабит БӨКЕНБАЙ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу