Мамандар 40 жылдан кейін қайта табылған қаңқаны арнайы капсулаға салып, жер қойынына тапсырмақ. Қазір олар осы мәселені қарастырып жатыр. Елбасының мақаласында осы «Алтын адамға» ерекше назар аударылған. Президент: «Алтын адам - біздің түп-тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға жол ашып, әлемдік ғылым үшін сенсация саналған жаңалық», - деді. Ал, өнертанушылар оған «қазақстандық Тутанхамон» деп атау берген.
Өткен ғасырдың екінші жартысында дүниені дүр сілкіндірген тарихи жаңалықтың бірі - қазақ жерінде ашылды. Археолог Бекмұханбет Нұрмұханбетов пен академик Кемал Ақышев Алматы облысы Есік қаласының маңынан сақтардың заманынан сақталған «Алтын адамды» тапты. «Бұл дала өркениетінің зор қуаты мен эстетикасын әйгілейтін бай мифологияны паш етті», - деді Елбасы.
Досым Зікірия, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғалым хатшысы:
Елбасының «Ұлы даланың жеті кереметі» мақаласында осы «Алтын адам» ерекше аталып өтеді. Әрине, ерекше аталып өтуінің орны бар. Себебі, бұл сол кездегі заманда осы қазақ жерін мекен еткен ежелгі халықтардың, яғни, біздің түп-тамырымыз, ата-бабаларымыздың өмір тіршілігінен, салт-дәстүрінен, дүниетанымынан, діни наным-сенімдерінен молынан хабар береді.
Бұл «Алтын адамның» обасы ашылған кезде түсірілген сурет. «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайында қорымның нобайы айнытпай жасалған. Осы жерден адаммен бірге көмілген ыдыс-аяқтар мен алтын бұйымдардың сол күйі сақталғанын көруге болады.
Жалпы, саны 4000 мыңнан аса детальдың жартысы қазір Астанадағы Ұлттық музейде, жартысы осында қойылған. Солардың ішінде 26 таңба жазылған күміс тостағанның орны бөлек. Себебі, Орта Азия аумағынан бұрын-соңды табылған жазу атаулының ішіндегі ең көнесі осы. Әлем ғалымдары сырын аша алмай отырған жазудың 20-дан астам тәржімасы бар. Бірақ, аудармалардың ешқайсысы бір-біріне ұқсамайды.
Динара Сұлтанқызы, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ғылыми қызметкері:
Әлі күнге бұл жазба толық, нақты аударылған жоқ. Кейбір нұсқалары бар. Дейтұрғанмен, алғаш аударған лингвист Аманжоловтың аудармасы бойынша, «үлкен ағам, бұл ошақ саған аманат, жат адам, тізеңді бүк, кейінгі ұрпақ, ас мол болсын» делінген.
Президент мақаласында: «Бұл жауынгер талай тылсым құпияның бетін ашты. Жауынгердің алтынмен апталған киімдері ежелгі шеберлердің алтын өңдеу техникасын жақсы меңгергенін аңғартады», делінген. Ғалымдар «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында «Алтын адамның» осыдан 40-50 жыл бұрын жоғалып кеткен сүйегін тапқан. Қаңқаны жан-жақты зерттеген мамандар қазір оны арнайы капсулаға салып, қайта жерлеуді жоспарлап отыр. Бірақ, өкініштісі сол, бас сүйегін әлі таппай жатыр.
Аманкелді Сейітхан, тілші:
Атақты «Алтын адамның» табылған орны міне. Тарихи жерге биіктігі 10 метрдей ғана болатын ескерткіш қойылған. Ал, қасындағы тақтайшаға «бұл жерге басыңды иіп, тағзым ет» деп жазылған. Бірақ, құпиясы мен сыры мол тарихи жер қазір қарапайым орын сияқты. Өйткені, дәл қасында дәмхана, мына жақта білім беру мекемесі, ал, мамандардың айтуынша, қорымның үстінде осы кезде автобаза орналасқан екен.
Амангелді СЕЙІТХАН
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.