10 жылда дамыған елдер толықтай цифрлық қаражатқа көшеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

10 жылда дамыған елдер толықтай цифрлық қаражатқа көшеді

04.09.2025

Елордада VIII Astana Finance Days 2025 форумының алғашқы күні аяқталды. 70-тен астам елден келген делегаттар бүгін қаржы нарығындағы қазіргі ахуалды және болашағын талқыға салды. Форумда нақты не айтылды? Жиынға қатысқан әріптесім Темірлан Нұржанұлы тарқатып айтады.

Биыл қаржылық форумның бірінші күнінде-ақ қатысушылар қаузаған тақырып көп болды. Бәрі дерлік келешекке қатысты. Жиынның бас тақырыбы да сол – «Болашақтың негізін қалайтын капитал». Іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген футуролог Бретт Кингтің пікірінше, алдағы 10 жылда әлемнің дамыған елдері толықтай цифрлық қаражатқа көшеді.

Бретт Кинг, футуролог, әлемдік бестеллерлердің авторы:

Алғашқылардың бірі болып Скандинавия елдері мен Қытай толықтай қолма-қол ақшадан бас тартуы ықтимал. Мәселен, Қытайда 2012 жылы бөлшек саудадағы төлемдердің 98 пайызы қолма-қол ақшамен жасалса, бүгінде бұл процесстің 95-96 пайызы мобильді қосымшалар арқылы жүргізіледі. Ал жасанды интеллектіге негізделген жаңа қызметтердің барлығы дерлік цифрлық ақшаны қажет етеді.

Демек, дамушы елдер көштен қалмас үшін тезірек әрекет етіп, инвестиция тартуы керек. Алғашқы пленарлық отырыста Қазақстанның осы бағыттағы озық тәжірибесі ортаға салынды. Сессияда қатысушылар энергетика, көлік және цифрлық байланыс салаларындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға ұзақ мерзімді капитал тарту жөнін де талқылады.

Талғат Аманбаев, АХҚО әкімшілігі инновация бойынша бас директоры:

Шетелдік инвесторлар компания ашу үшін осылай келіп, Астана Халықаралық Қаржы орталығын көріп, біздің адамдарды көріп, жобаларды көргеннен кейін сенім пайда болады. Сенім болса, онда бизнес те, инвестиция да болады.
Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Биылғы форумның ауқымын былай түсіндірсек болады. Іс-шараға табысы 1,5 трлн АҚШ долларына жететін компания өкілдері қатысып жатыр. Ал жиынның қорытындысы бойынша 10-ға жуық меморандумға қол қойылмақ.

Осылайша, брокерлер мен банкирлер, инвесторлар мен инноваторлар және мемлекет өкілдері бас қосып, түрлі талқы мен келіссөздер жүргізуге мүмкіндік алды.

Джакомо Джанетто, Азия Даму банкінің топ жетекшісі:

Меніңше, мұндай форумдар өте пайдалы. Біздің мақсатымыз – елдердің және қаржы нарықтарының дамуына үлес қосу. Сондықтан мұндай іс-шара нетворкинг үшін ғана емес, түрлі ұсыныстарға жақсы алаң. Жеке сектордың да, мемлекет өкілдерінің де қатысуы өте маңызды.

Сарапшылардың айтуынша, Астана жаһандық экономиканың белді ойыншысына айналуына мүмкіндік бар. Сондықтан осындай ауқымды форумдарда әлемдік тәжірибелерден хабардар болып, келешек инвестицияны технологиялық инфрақұрылымға, жаңа деректер орталықтарына бағыттау аса маңызды. Айта кетейік, форум ертең де жалғасады.

Темірлан Нұржанұлы


Хабарламаларға жазылу