Елімізде баспана алу өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Бұл әсіресе жастар мен халықтың осал топтары үшін маңызды. Қазірдің өзінде 950 мыңнан аса азамат баспана кезегіне тіркелсе, оның 500 мыңға жуығы әлеуметтік тұрғыда осал топтағы тұрғындар саналады. Десе де үкімет тарапынан түрлі жобалар, жеңілдіктер жасалып бұл проблема да біртіндеп шешімін тауып келеді.
Түркістан облысының Леңгір қаласында тұратын Исаевтар отбасы жуырда жаңа баспанаға қол жеткізді. Үш бөлмелі пәтерде қазір сегіз жан тұрады. Баласы мен келіні үйлі болғанын естіп ауылдан әжелері де келген. Қазір немерелеріне қарап отыр.
Рая Қалдыбаева, Леңгір қаласының тұрғыны:
Үкіметтің қолдауына рақмет. 7 жыл ауылда тұрдық, қиналдық дегендей. Келіндер квартирада жүрді, 6 бала-шағасымен. Биыл тамға жетіп, әйтеуір құдайға шүкір деп отырмыз. Жанымызда садик салынып жатыр. Оған да қуанып жатырмыз. Балалар мектепке барады.
Төле би ауданында биыл 120 отбасы баспаналы болды. Оның 46-сы көпбалалы жанұя болса, 48-і аз қамтылған отбасылар. Жалғызбасты аналар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да жаңа үйден пәтерлер берілді. Мемлекеттің мұндай қамқорлығы бізге зор қолдау болды, - дейді жаңа үйдің тұрғындары.
Катрина Симак, Леңгір қаласының тұрғыны:
Квартирада тұрдық. Анау жерге барамыз, далада қондық. Сондай болған да бізде. Он жыл күттім үйді. Құдай қаласа, берді маған үйді. Үш бөлме берді маған. Үй маған ұнайды. Өте күшті.
Бүгінгі таңда өңірде 102 мыңнан астам азамат тұрғын үйге мұқтаждар есебінде тұр. Ал Түркістан облысы құрылған алты жылда кезекте тұрған 7 мыңнан аса отбасы коммуналдық баспанамен қамтылған. Жыл басынан бері мыңнан аса жанұяға жаңа үйдің кілті берілді. Десе де елімізде баспана проблемасы күн тәртібінен түспей келеді. Миллионға жуық азамат жылдар бойы кезегін күтуде. Оның жартысына жуығы мұқтаж отбасылар санатында.
Әсем Әлжанова, ҚР ӨҚМ құрылыс және ТҮКШ істері комитетінің басқарма басшысы:
Мемлекет тарабынан тұрғын үймен қамту мәселесін шешу үшін арендалық баспана, жалға алған үйді субсидиялау, жеңілдетілген ипотекалық несиелер мен тұрғын үй сертификатын беру қарастырылған. Өткен жылы 13 мыңнан аса тұрмысы төмен отбасыға жаңа пәтерлер жалға берілсе, ағымдағы жылы 6 мыңнан аса отбасы осындай баспанаға қол жеткізді.
Сала мамандарының сөзінше, енді тұрғын үйге кезекке тұру, оны тіркеу «Отбасы банкі» арқылы жүргізіледі. Қыркүйек айынан бастап осы жүйе арқылы әлеуметтік тұрғыда осал топтағыларға пәтерді жалға беру мен жеңілдетілген ипотекалық несие беру жүзеге асырылмақ.
Айнұр Әбілқасымқызы
