Шығармашыл жастардың «Шабыт» халықаралық фестивалі мәресіне жетті. Оған 5 аталым бойынша 9 елден 600-ден астам жұмыс келіп түскен. 21-ші рет ұйымдастырылып отырған шараның басты ерекшелігі биылғы байқауға «журналистика» аталымы да қосылды.
«Шабыт» елордамен бірге жасап келе жатқан ежелгі фестиваль. Алғаш рет 1998 жылы Президент бастамасымен ұйымдастырылды. Биыл байқауға 613 үміткер өтінім берген. Оның ішінде алыс-жақын шетелдердің де өнерпаздары бар.
Нарима Мұхамбеталина, Астана қалалық Мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- 5 номинация бойынша 613 өтінім түсті және 9 елден қатысушылар келді. Олар Қазақстан, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Грузия, Израиль, Моңғолия, Әзірбайжан.
Байқау классикалық музыка, халық музыкасы, эстрадалық вокал, хореография және журналистика номинациялары бойынша өтті. Халықаралық фестивальдің «Журналистика» аталымындағы жүлдегерлердің ішінде әріптесіміз Дулат Абибуллаев пен Қарағанды облыстық «Saryarqa» телеарнасының тілшісі де бар. Биылға байқау Астананың 20 жылдығына орайластырылды.
Асылбек Тойбек, «Saryarqa» телеарнасының тілшісі:
- «Шабыт» фестивалі шын таланттардың шыңы деуге болады. Нағыз шығармашылық жастардың дарынын даралайтын байқаулардың бірі және бірегейі.
Барлық жеңімпаздарға «Шабыттың» төсбелгісі табысталып, қаржылай сыйлықтармен мараптатталды. Аталымдар бойынша бас жүлделерді табыстау рәсімі байқаудың қорытынды гала-концертінде өтеді.
Дулат АБИБУЛЛАЕВ
«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.