Президент Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

02.09.2025

Мемлекет басшысы Қытайға ресми сапары аясында Бейжіңдегі Қазақстан мәдениет орталығының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Президент бұл оқиғаны қос елдің рухани өміріндегі маңызды тарихи сәт деп бағалады. ҚХР мәдениет және туризм министрі Сунь Елимен бірге шығармашылық орталықты аралап көріп, осы бастамаға қолдау көрсеткен төраға Си Цзиньпин мырзаға ризашылығын білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл – қазақтың Қытай халқына деген риясыз көңілі. Сондай-ақ Қытай жұртының қазаққа білдірген достық пейілі. Мәдени-гуманитарлық байланысымыз берік болса, достығымыз да нығая түседі. Өнер мен мәдениет – түрлі халықтың арасын жалғайтын алтын көпір. Жалпы Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас өте жоғары қарқынмен дамуда.

Жаңа ашылған мәдени кешенде кітапхана, қазақ тілі мен музыка бөлмелері, шығармашылық кабинеттер мен көрме залы бар. Сонымен қатар археология, зергерлік өнер, қару-жарақ, ұлттық аспаптар мен этнографияға арналған бес бөлім жұмыс істейді. Жас өрендер мұнда қазақтың мәдениетімен танысады.

Сонымен қатар Президент қазақ тілін үйреніп жүрген балалармен тілдесті.

Ернұр Медет


Хабарламаларға жазылу