15 миллиард АҚШ долларының инвестициясы. Президенттің Бейжіңге сапарының нәтижесінде елімізге қомақты қаржы тартылып отыр. 70-тен аса коммерциялық құжаттарға қол қойылды. Бұл ірі кәсіпорындар мен зауыттар және мыңдаған жаңа жұмыс орны. Басым көпшілігі өңдеу саласындағы өндіріс орындары. Мемлекет басшысы Қытай астанасында қазақ-қытай іскерлік кеңесін өткізіп, еліміздегі бизнес мүмкіндіктерді таныстырды.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
70-тен аса Қытайдың ірі корпорациялары. 500-ге жуық бизнес пен мемлекеттік мекеме өкілдері. Бейжіңдегі басқосуға көрші елдің ең ірі инвесторлары жиылды. Қазақстан мен Қытай былтыр 44 млрд долларға сауда жасаған. Бұл тарихи меже. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды деді Президент. Бастысы оған саяси ерік жігер мен ортақ ұмтылыс бар екенін айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қытай Қазақстан экономикасына 27 миллиард доллар инвестиция салды. Бұл шын мәнінде, өте жақсы үдеріс. Сондықтан осы жұмыс табысты түрде жалғасады деп толық сеніммен айтуға болады. Біздің елімізде Қытай капиталы бар 6 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. Қытай Халық Республикасының Төрағасы, қадірлі досым Си Цзиньпин мырзамен бірге көп салалы қазақ-қытай ынтымақтастығын дамыту үдерісін үнемі бақылап отырмыз. Осы жолы Қытай тарапы мен бастаған қазақ делегациясына ерекше көңіл бөліп, ыстық ықыласымен қонақжайлық көрсетті.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Маңызды бағыт логистика. Қытай мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің жеріміз арқылы өтеді. Президент Биыл «Достық – Мойынты» темір жолының екінші желісі іске қосылып, Қазақстан арқылы өтетін «Қытай – Еуропа» транзит дәлізінің жүк өткізу мүмкіндігі 5 есе артатынын айтты. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы мүмкіндіктерге тоқталды. Атырау облысында Sinopec компаниясымен бірлесіп, полиэтилен шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Зауыттың құрылысына 7,4 миллиард доллар қаражат салынбақ. Алдағы уақытта CNPC компаниясының қатысуымен Шымкент мұнай өңдеу зауытын жедел жаңғыртудан өткізу жоспарланған. Маңғыстау облысында қуаты 160 мегават болатын бу-газ қондырғысы салынбақ. Президент атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға мүдделі екенімізді мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл бағыт бойынша өзара ықпалдастығымыздың келешегі зор екенін атап өттік. Екі ел осы салада стратегиялық серіктестер болуы керек деп уағдаластық. Біз бұл жұмысқа CNNC компаниясын тартуды көздеп отырмыз. Бүгін осы компанияның басшылығымен кездесу болады. SANY компаниясы да біздің нарығымызда белсенді түрде жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияларға ризашылығымды білдіремін.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан экономикасын әртараптандыруға жол ашатын жобаларға тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, бүгінде Қазақстан тау-кен металлургиясы кешенін дамыту үшін стратегиялық маңызы бар бірқатар жобаны жүзеге асырып жатыр. Бұл іске Қытайдың инвесторлары атсалысуда. Мысалы, Жамбыл облысында қытайлық компания жылына 3 млн тонна болат өндіретін зауыт салған. Ал Алматы облысындағы Бұғыты кенішінде вольфрам кенін өңдеу жобасы іске қосылды. Құрылыс пен көлік құрастыру индустриясында қытайлық кәсіпкерлермен табысты байланыс орнатылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
China Glass компаниясы Қазақстан үшін теңдесі жоқ шыны зауытының жобасын жүзеге асырды. Жақында Алматы қаласында автокөлік өндіретін мультибрендті зауыт іске қосылады. Зауыт жылына 120 мың көлік шығарады. Соның ішінде GWM (Great Wall Motor), Chery және Changan көліктері бар. Сонымен қатар Алматыда электробус шығаратын BYD компаниясының зауыты іске қосылмақ. Бұл жобалар Қазақстанның экономикасын әртараптандыруға жол ашады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Мемлекет басшысы қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы өнімдер шығару жұмысына белсене қатысуға шақырды. Қазақстан көрші елге жылына 2 миллион тоннаға дейін астық экспорттай алатынын айтты. Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құрылмақ. Ал Жамбыл облысында жүгері өңдеу жобасы қолға алынды. Сонымен қатар Президент «Alatau City» жобасының құрылысына қатысты қытайлық инвесторлармен келісім жасалғанын айтты. Таяу арада жұмыстар басталмақ. Жақын арада «Alatau City» біртұтас экожүйе ретінде арнайы мәртебеге ие болмақ.
Шерхан Жамбылұлы
