Оралда америкалық отбасы асырап алған бойжеткеннің оқиғасына қатысты адам ұрлау бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Бейнежазбаны ЕҚЫҰ-ның Адам құқығы жөніндегі тренері Лейла Онлаш әлеуметтік желіде жариялады. Заңгердің мәліметінше, қыз бала 2000 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Бірақ дәрігерлер кезінде оның әке-шешесіне «нәресте өлі туды» деп хабарлаған. Бейресми дерек бойынша, қыз баланың қолында перзентханада берілетін анасының тегі жазылған білезігі болған. Туғандарын сол дерек бойынша іздеп тапқан. Былтыр туған анасына «мен сіздің қызыңызбын» деп қоңырау шалған. Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Орал әуежайында қызы мен анасы 25 жылда кейін қайта қауышты. Бойжеткен жоғары білімді. АҚШ-та психолог болып қызмет етеді.
Нұржан Қуанғали, облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі:
Қазіргі таңда аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркелді. Істің жүру барысы облыстық Полиция департаменті басшылығының бақылауында. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында тексеріледі. Тергеу аяқталғаннан кейін заңнамаға сәйкес тиісті шешім шығарылады.
Ардақ Мұратқызы
