«Төрт түлік тыныштығы – тірліктің тұғыры» дейтін қазақ үшін малдың амандығы қашан да маңызды. Ауыл шаруашылығының дамуы мен оның көбеюі жолында ветеринар мамандардың еңбегі ерен. Атырау облысы Индер ауданының тұрғыны Саттар Құлбаев бар ғұмырын осы салаға арнап, ауыл арасында саулық сақшысы атанып кеткен.
Саттар Құлбаевтың бүгінгі жұмысы «Тілеген» шаруа қожалығынан басталды. 1985 жылдан бері мал шаруашылығының бел ортасында жүрген Саттар Құлбаев үшін әрбір түлік – аманат, әрбір жануардың өмірі – жауапкершілік. Ең бастысы қауіпсіздік бірінші орында.
Жыл сайын көктем-күз мезгілдерінде жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстарын өз уақытында жүргізу – оның күн тәртібіндегі маңызды шаруа. Терең тәжірибемен елге адал қызмет ету Саттар Билашұлының өмірлік ұстанымы. Ауыл тұрғындары оны тек білікті маман ретінде ғана емес, адамгершілігі мол, іскер азамат ретінде де жақсы таниды.
Қуаныш Тілегенов, шаруа қожалықтың жетекшісі:
Олар болмағанда енді қиын ғой. Мал кесу, қан алу, қалай болса да малды емдейді. Сондай шаруалардың бәрін осылар атқарып жатыр.
Саттар Құлбаев, мал дәрігері:
Мал егіп немесе бір малды кескен жағдайларда соны үйге барғанда кейде уайымдап жатасың. Жылқы болсын, үлкен түйелер болсын, өте қиын нәрселер. Сол мал тәуір боп кетсе екен. Бір мал туа алмай жатса, аман-есен туғызып алсам екен деген тілекпен ойлап жатамын. Енді бұл жол – өз еркімізбен таңдаған мамандығымыз.
40 жыл бойы бір салада табан аудармай еңбек ету әр адамның қолынан келе бермейді. Бұл – өз ісін жақсы көру мен адалдықтың белгісі. Төрт-түліктің ауруын емдеу үшін ол күндіз-түні ізденіп, заманауи жаңа тәсілдерді қолданады.
Амантай Мұқатов, Елтай ауылдық округінің мал дәрігерлік пункт меңгерушісі:
Өз жұмысына ұқыпты, білікті, келіп жатқан жас мамандарға өзінің тәжірибесін үйретуден еш уақытта тайынбайды. Өзі ізденеді. Интернет, фейсбуктен қарап, сол малды жазуға, әрі қарай басқа ауруларды таратпауға жұмыстанады.
Саттар Құлбаев биыл зейнетке шығады. Оның адалдық пен жауапкершілік жолындағы еңбегі – әрқашан құрметке лайық, кейінгі жастарға үлгі. Міне, көп жылғы мехнатының арқасында 10 тамыз мал дәрігерлерінің мерекесінде «Ветеринарияның құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталды.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
