Ақтөбе қаласына қарасты Бауырластар елді мекенінде жол жөндеу жұмыстары кешеуілдеп жатыр. Жоспар бойынша жыл соңына дейін мердігер компания 41 көшеге асфальт төсеу керек.
Алайда қазір тек екінші көшенің жолы салынуда. Тұрғындардың айтуынша, техниканың жүргенінен тұрғаны көп. Ауыл халқы қоғамдық көлікке міну үшін 2-3 шақырым жаяу жүріп баруға мәжбүр. Жауынды күндері тіпті қиын. Сондықтан олар жұмысты жеделдетуді сұрап отыр. Оқу жылы басталғандықтан енді балалардың қатынауы қиын дейді.
Гауһар Байғабылова, ауыл тұрғыны:
Мына жолды мердігердің салып келе жатқанына 3 жыл болды. Міне жолды бастады, ана жерге келді де, тұрып қалды. Он күн болды. Міне қыркүйек басталды, балалардың сабағы басталды. Осы жерден үш шақырымға дейін үлкендер, балалар жаяу барады.
41 көшеге жол төсеу құны 6 млрд 400 млн теңге. Биылға оның тек 291 миллионы бөлінген. Мердігер мекеме өкілдерінің айтуынша, жұмыстың жиі тоқтап қалуына битум тапшылығы себеп. Өйткені қажетті шикізат Ресейден келетіндіктен оны алдымен халықаралық, республикалық жолдарды салып жатқан компаниялар алады. Ал басқаларына кезек күтуге тура келеді.
Ералхан Дияров, мердігер мекеме өкілі:
Біздің жақтан шығарады, бірақ оның сапасы онша емес. Бізде 7 жылға кепіл бар, ол бір жылдан кейін қопарылып қалса, не пайда салғаннан? Тамыз айының ортасында ғана қаржыландыру ашылды. Оған дейін негізгісін реттеп жүрдік. Қазіргі таңда асфальттау басталды.
Жақсыбек Кемал
