Гранттың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Гранттың 70 пайызы техникалық мамандықтарға бөлінді

02.09.2025

Бүгіннен бастап сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша оқу толықтай тегін деуге болады. Себебі колледждердегі мемлекеттік гранттардың 70 пайызы техникалық бағыттарға берілген.

Елімізде 772 колледж бар. Онда 250-ден аса мамандық бойынша білім беріледі. 600-ден аса біліктілікті жетілдіру тетігі қарастырылған. Биыл сұранысқа ие техникалық және кәсіптік білім беру бойынша тегін оқумен қамтылатын студенттер саны 150 мыңнан асты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 10 мың орынға көп.

Майра Сембина, Astana Polytechnic жоғары колледжі директорының орынбасары:

«Жылдан жылға техникалық және кәсіптік білім беру саласына гранттар саны өсіп келеді. Біздің колледж түлектеріне сұраныс артып отыр. Өйткені бағдарлама өндірісте қажет нақты дағдылардан құралады».

Техникалық мамандықтарға сұраныс арта түскендіктен, мемлекеттік грант саны да жыл сайын өсуде. 2020 жылы 98 мың болса, кейін 120 мыңға, 143 мыңға, ал биыл 150 мыңға жетті.

Ақсұра Қасымова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Техникалық және кәсіптік білім департаменті директорының орынбасары:

«Бұрын колледждерге тек нашар оқитын балалар барады деген пікір болған. Ал қазір кейбір мамандықтарға түсу үшін орташа балл 4,7–4,5-ке дейін жетіп отыр. Демек бізге үздік оқушылар да келуде».

Техникалық мамандықтардың ішінде машина жасау, көлік, энергетика, IT және құрылыс бағыттарына сұраныс жоғары. Бұл жұмысшы мамандықтарының табысымен қатар мәртебесі де артқанын көрсетеді.

Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу