Ақтау қаласында, Мұнайлы, Бейнеу және Түпқараған аудандарында жалпы саны 3600 орындық 5 заманауи білім беру ұйымы іске қосылды. Оның төртеуі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында, бір мектеп демеушілердің қаражаты есебінен салынған.
Бұл нысандардың ашылуы нәтижесінде Мұнайлы мен Түпқараған аудандарында үш ауысымды оқыту толық жойылып, бір апатты мектептің мәселесі шешілді. «Келешек мектептері» жобасымен салынған білім беру ұйымдарының артықшылықтары көп.
Солардың бірі – Ақтауға қарасты, 700-ге жуық түтіні бар Рауан елді мекеніндегі мектеп. Мұнда кабинеттер кең, бастауыш пен жоғары сыныптар бөлек оқиды. Бұрынғы мектептермен салыстырғанда техникалық жарақтану деңгейі төрт есе жоғары. Аймақта мұндай тағы бес мектептің құрылысы жүріп жатыр.
Анар Ақжігітова, ауыл тұрғыны:
«Сонша уақыт күткен мектебіміз ашылып жатыр. Өте қуаныштымыз. Бұрын Өмірзаққа қатынау қиын еді. Автобус уақытында келмейтін, орын да жетпейтін. Енді өзімнің төрт немерем осы мектепте оқып жатыр».
Аягөз Оралбайқызы
